Елордада өтіп жатқан ХІІ Астана экономикалық форумында Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде адами капиталдың артып, білім беру процесінің жаңарып келе жатқанын айтып өтті.

«Бүгінде әлемде 4 млрд адам немесе әлем халқының 55% қалада тұрады. Бұл көрсеткіш 2050 жылдарға қарай екі есеге артып, 10 адамның 7-і қала тұрғыны болады деп күтілуде. Яғни, инвестиция мемлекетке емес қалаға құйылатын болады. Демек, енді елдер арасында емес қалалар арасындағы бәсекелестік артады. Қазірдің өзінде әлемдік ЖІӨ-нің 80%-ы қалада өндірілуде. Ал урбандалу тұрақты дамуға мүмкіндік береді, егер ол өнеркәсіп пен инновацияның есебінен жүргізілсе. Қазақстанда жалпыәлемдік урбандалу трендімен дамуда», - деді ол.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының 40%-ы ауылды елдімекенде тұратынын айта келе, олардың 20% ғана ауылда жұмыс істеп, қалған 20% ауылда тұрып қалада жұмыс істейтінін атап өтті.

«Біздің ірі қалаларымыз қарқындап даму үстінде. Елорда халқы 20 жылдың ішінде 180 мыңнан 1,2 млн-ға дейін өсті. Ең ірі Алматы халқы 2 млн-ға жетті. Және өткен жылы мегополис қалалар қатарына Шымкент қосылды. Алдағы уақытта тағы екі қаланы сол деңгейге көтеретін боламыз. Қазақстанның әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуы қалаларымыздың болашақ дамуының басты факторы болып табылады», - деді Н.Назарбаев.