Спорттық инфрақұрылымды дамыту бойынша спорттық нысандарға қажеттілік жоғары аумақтарда 100 денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу жұмыстары басталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында мәлімдеді.

«Жергілікті әкімдіктермен бірге 2019 жылы салынатын жобалар тізімін нақтыланды. Биыл 22 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 2020 жылы - 34, 2021 жылы – 44 нысан салынады»,- деді министр.

Айтуынша, аймақтарда дене-шынықтыру сауықтыру кешендерінің 100, 160 және 320 орындық типтік жобалары қарастырылған.

«Жоғарыда аталған кешендердің құрылысы жергілікті бюджет және демеушілер қаражаты есебінен жүзеге асырылады», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Министрліктің жүргіген талдауына сәйкес, өңірлерде спорттық залдарға деген қажеттілік – 1 млн 457 мың шаршы метрді құрайды.