Қазақстандықтар DariKz мобильді қосымшасы арқылы Қазақстанда тіркелген дәрі-дәрмектер туралы бүкіл ақпаратпен таныса алады, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Қосымшаны жүктеп алған пайдаланушыларға дәрілік препараттың дозалануы, концентрациясы, сақтау мерзімі және айрықша белгілері туралы, дәрінің түпнұсқалық әлде дженерик екені, оның дәрігер рецептісі арқылы немесе рецептіден тыс босатылуы туралы барлық ақпарат қолжетімді болады», - деді ДЗҰСО Бас директорының әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары Ержан Жүнісов.

Жақын арада қосымшаға «шекті баға» опциясы қосылады. Оның көмегімен азаматтар дәрілердің бағаларын қадағалай алады.

«Қазақстанда рұқсат етілген, заңнама жүзінде бекітілген шекті рұқсатты бағадан асып кеткен жағдайда препараттың құнына шағым түсіре алады, - деп айтып өтті Ержан Жүнісов.

Керек дәріні іздестіру үшін, ең алдымен, Play Market немесе App Store арқылы қосымшаны жүктеп алады. Қажетті дәріге іздеу жүргізу саудалық атауы, тіркеу нөмірі немесе халықаралық патенттелмеген атауы (ХПА) бойынша жүзеге асырылады.

«Дәріні тіркеу нөмірі бойынша іздеу үшін пайдаланушы қосымшадан дәрінің қаптамасын тіркеу куәлігінің нөмірі көрсетілген бетінен суретке түсіріп алу қажет. Ізденіс нәтижелері шығатын бетте нақты тіркеу нөмірімен дәрілік препарат туралы егжей-тегжейді ақпарат пайда болады», - деді Ержан Жүнісов.

Дәрі-дәрмек туралы бүкіл ақпарат пайдаланушының таңдауына қарай мемлекеттік және орыс тілдерінде ұсынылады.