Бүгін Ақтөбеде Қазақстанда жылқы шаруашылығын дамыту және ҒЗИ ашу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Оған ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, Мәжіліс депутаттары, еліміздің жетекші ғалымдары мен мамандары қатысты.
Іс-шараны облыс әкімі Асхат Шахаров ашты. Ол жергілікті атқарушы орган тарапынан жаңа ғылыми-зерттеу институтын дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтіп, дөңгелек үстел мүдделі тараптар арасындағы диалогты тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді.
ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин отандық жылқы шаруашылығындағы жағдай туралы айтып берді.
Бүгінде Қазақстанда жылқылардың жалпы саны 4,1 млн басты құрайды. Сонымен бірге асыл тұқымды жылқылардың саны 46 мың басты құрайды немесе барлық малдың бір пайызынан сәл ғана асады.
«Мемлекет басшысы асыл тұқымды жылқыларды іріктеу мен өсіруге ерекше назар аудару, сол арқылы асыл тұқымды мал басының үлесін арттыру қажеттігін атап өтті. Жалпы, соңғы бес жылда саланы субсидиялауға 4,9 млрд теңге бағытталды. Ағымдағы жылы атқа мінетін бағыттағы жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту жөніндегі арнайы заң қабылданды. Үкімет заңды жүзеге асыруға кірісті», – деді Аманғали Бердалин.
Вице-министр 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде Адай және Қостанай жылқыларын жетілдіруге, сондай-ақ Жебе, Көшім және Мұғалжар сияқты бағыттарда өнімді жылқы шаруашылығын дамытуға бағытталған екі ғылыми-зерттеу бағдарламасы басталғанын атап өтті. Бұл мақсаттарға мемлекеттік бюджеттен шамамен 1,5 млрд теңге бөлінді.
Жаңа Жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру институтының негізгі міндеті жылқылардың асыл тұқымды қасиеттерін жақсарту және отандық тұқымдарды халықаралық нарықтарда белсенді ілгерілету бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу болып табылады. Институт алдағы бес жыл ішінде асыл тұқымды жылқылардың санын 6-7%-ға көбейтуді мақсат етіп отыр. Сонымен қатар, еліміздің аграрлық университеттерінде жылқы шаруашылығы бойынша тереңдетіп оқыту жоспарлануда.
Кадр тапшылығы мәселесі дөңгелек үстелге қатысушылар арасында ең көп талқыланатын мәселелердің біріне айналды. Сондай-ақ бірқатар ұсыныстар айтылды, оның ішінде өңірлерде зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін тұрақты комиссия құру, жоғары оқу орындарында жоғары білікті кадрларды даярлау жөніндегі жұмысты күшейту, жылқы шаруашылығымен айналысатын ғалымдардың ұрпақтары арасында сабақтастық байланыс орнату.
Дөңгелек үстелге қатысушылар жүйелі көзқарас пен ғылыми-зерттеу институтын құру Қазақстанда жылқы шаруашылығын тұрақты дамыту үшін сенімді іргетас болатынына сенім білдірді.