20.11.2024 _ 17:30

Отбасындағы оң атмосфера, сыйластық пен түсіністік - бақытты отбасының кепілі

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшылары әлеуметтанулық зерттеу барысында респонденттерге балалардың құқығын бұзу тақырыбына қатысты сұрақтар қойды. Институттың басқарма төрағасының орынбасары Олжас Бейсенбаев ОКҚ алаңында азаматтардың жауаптарына тоқталып өтті.

Оның айтуынша, сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі балалардың құқығын ең алдымен – ата-аналардың өздері, содан соң – қатарластары бұзады деп жауап берген. 

«Қоғамда түрлі жағдайдың болып жатқанын көріп жатырмыз. Алайда оның түбірі, негізгі себебі – отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастан екенін де жоққа шығара алмаймыз. Соңғы жылдары балалар мен әйелдерді қорғауға, қолдауға бағытталған бірқатар заңнамалық өзгерістер енгізілді. Қылмыстық-әкімшілік жазаны қатаңдату, сенім телефонын іске қосу сияқты бірқатар бастамалар қолдауға ие болған. Әсіресе, әйелдер арасында реформаны қолдау үлесі жоғары екенін атап өтуіміз қажет», – деді спикер.

Дегенмен, сауалнама нәтижелерінен кейбір азаматтардың бала құқықтарын қорғауды көздейтін шаралар мен реформалардан бейхабар екенін аңғаруға болады. Қоғамда «берекелі отбасы» деген қаржылай жағдай немесе тұрғын үймен қамтамасыз етілу емес, отбасындағы салауатты қарым-қатынас пен денсаулықтың жоғары тұрғаны анықталды. Отбасындағы оң атмосфера, сыйластық пен түсіністік бақытты отбасының кепілі деп тұжырымдауға болады.  

Осы орайда Институт мамандары отбасыдағы жанжалдың алдын алу, ата-аналарға бала тәрбиесі жөніндегі семинар-тренингтер өткізу, қаржылық сауаттылық туралы ақпарат тарату қажеттілігін ерекше атап өтті.