22.11.2024 _ 15:30

Шымкент қаласын абаттандыру және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр

Алдағы 5 жылда Шымкентте 600 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Биыл 200 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде.  Қала тұрғындарына арналған демалыс аймақтарын құру мақсатында «Шымкент сити» шағын ауданында 20 га жерде орналасқан саябақ пайдалануға берілді. Бұл жерде 7 мың шаршы метр жасанды көл, амфитеатр, спорт-ойын алаңшаларымен бірге, биіктігі 100 метр «Ту тұғыры» орнатылды. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ОКҚ брифингінде айтты.

Жыл соңына дейін Шымкентте жаңа 24 сквер салынады. Сонымен қатар шалғайда орналасқан «Сәуле» шағын ауданында ойын, спорт алаңшалары мен жүгіру жолағы бар саябақ іске қосылды. Қала орталығындағы ирригациялық арықтардан көптеген жылдар бойы су жүрмей, микроклимат бұзылған. Бұл климаты ыстық Шымкент үшін маңызды мәселенің бірі. 

«Биылдан бастап ұзындығы 12 шақырым болатын 13 магистральді жолдарда ирригациялық жүйелер арқылы су жүргізілді. Одан бөлек, жайлы ортаны қалыптастыру мақсатында демеушілер есебінен сквер, саябақ, қоғамдық кеңістіктер құру жұмыстарын қолға алдық. Атап айтқанда, «BIG tulip», «Спутник» скверлері және «Аналар» аллеясы салынып, «Көл» демалыс аймағы қайта жаңғыртылды және бұрынғы істен шыққан 6,2 шақырым балалар теміржолының орнына, веложолақ пен жаяу серуен аймағы ұйымдастырылды. Осындай демеушілер есебінен 45 га ескі қоқыс полигоны аумағында рекультивация жұмыстары жүргізіліп, «Эко саябақ» салу жұмыстары басталды», – деді спикер.  

Шаһар тұрғындары үшін жайлылықпен қатар қауіпсіздік те маңызды. Қазіргі таңда жалпы қылмыстардың саны 12,4 пайызға азайды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін биылғы жылы қосымша 1425 бейнебақылау камерасы орнатылады. Қала қауіпсіздігі үшін түнгі жарықтандыру да маңызды. Тұрғындар тарапынан көп көтерілетін мәселелердің бірі осы. Биылғы жылдан бастап көшені жарықтандыру жұмыстарын он есеге ұлғайтып, 1528 көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде.  

Сонымен қатар биыл қоғамдық тәртіпті күшейту мақсатында жаңадан 2 полиция бөлімшесі және 6 мобильді стационарлық полиция пункті іске қосылады. Одан бөлек, бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында Полиция департаментіне лизинг арқылы 120 көлік құралдары алынды.  

«Әлемде болып жатқан табиғи зіл-зала кесірінен қайғылы жағдайлар көптеп орын алуда. Қаладағы тұрғын жайлар мен сауда орталықтары тығыз орналасқан. Өкінішке орай тұрғындар, сауда және халыққа қызмет көрсету нысандары өрт қауіпсіздігіне бей-жай қарайды. Газбен улану фактілері де болып, қайғылы оқиғалар орын алды. Сондықтан әкімдік тарапынан бақылауды күшейту мақсатында «Газ инспекциясы» мекемесін құрдық. Одан бөлек, қаланың өсуіне қарай шұғыл жағдайда өрт сөндіру деполарының мүмкіндігі жетіспейді», – деді қала әкімі. 

Осыны ескеріп өткен жылы 2 өрт сөндіру депосы іске қосылса, биыл 1 депо пайдалануға берілді. Шұғыл көмек көрсету қызметтеріне қолжетімділікті арттыру мақсатында 10 шағын ауданда сервистік орталықтар салу жоспарлануда. Онда полиция, жедел жәрдем және өрт сөндіру қызметтері орналасады. Сонымен қатар төтенше жағдайлар депараментінің өрт сөндіру қызметін толық қамтамасыз ету үшін лизинг арқылы 38 арнайы техникалар алу жоспарлануда.