20.11.2024 _ 17:10

Берекелі отбасының қалыптасуына әсер ететін факторлар: Қазақстандық қоғамдық даму институты әлеуметтанулық зерттеу нәтижелерін жариялады

Азаматтардың басым көпшілігінің пікірінше, отбасының берекесі отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынаспен өлшенеді: өзара сүйіспеншілік пен құрмет (88%), ерлі-зайыптылар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластық (86%), балалар мен ата-аналар арасындағы өзара түсіністік (85%). Қазақстандықтар үшін отбасы берекесінің екінші маңызды фактор – отбасы мүшелерінің физикалық және психикалық саулығы, оның ішінде зиянды әдеттерге тәуелді болмауы (79%). Бұл жайлы Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Олжас Бейсенбаев ОКҚ алаңында өткен брифингте айтты.

Осылайша, материалдық жағдай мен тұрғын үй мәселесі секілді факторлар қоғам санасында, шартты түрде, отбасының өзара қарым-қатынасы мен отбасы мүшелерінің денсаулығынан кейінгі орындарда тұр. 

«Балалары бар респонденттердің басым көпшілігі ата-ана рөлін өзі үшін ең маңызды деп санайды. Бұл тұрғыда әйелдер ерлерге қарағанда көбірек мән береді. Салыстырмалы түрде ерлердің 57,2%-ы, ал әйелдердің 64,6%-ы ата-аналық миссиясын ең маңызды деп есептейді. Ата-ана болудың маңызды шаруасы, өздеріңіз білесіздер, ол – баланы бағып-қағу. Сондықтан бала тәрбиесімен кім айналысу керек деген сұраққа респонденттің көпшілігі (82,7%) күйеуі мен әйелі бұл процеспен тең айналысуы керек деп жауап қайтарған», – деді спикер.  

Шын мәнінде, отбасылардың 50,6%-да ғана бала күтімі мен тәрбиесі жөніндегі міндеттерге ата-аналар бірдей жауапты, ал 31,2%-ы мұны тек аналарға, 2,5%-ы тек әкелерге жүктейді.  

Ата-аналардың жартысына жуығы мына мәселелерге алаңдайды: балалардың әлеуметтік желілерге, интернетке (52,7%) және виртуалды ойындарға (47,6%) тәуелді болуы; баланың оқу орнында бейтаныс адамдардан жәбір көруі (46,9%); медициналық қызметтердің сапасы (46,8%). Сондай-ақ ата-аналар арасында балалардың темекіге, вейпке тәуелді болуына алаңдаушылық жоғары (41%). 

«Осы айтылған проблемалардан бөлек, олардың өз қатарластарынан, тәрбиеші/мұғалім/оқытушыдан психологиялық немесе физикалық зорлық көру ықтималдығына ата-аналар алаңдайды. Ауылдарда респонденттер бала демалысын ұйымдастыру, олардың спорт, музыка, сурет үйірмелеріне апару, және білім сапасы туралы жиірек атап өткен», – деді О.Бейсенбаев. 

Сауалнама нәтижелеріне сүйенсек, азаматтардың көбі отбасыларда балаларға қатысты қатыгездік мәселесі бар деп ойлайды (респонденттердің 2/3-і). Бұл пікір ауыл тұрғындарына қарағанда қала тұрғындары арасында жиірек айтылды. 

Еліміздің бірқатар өңірінде балаларға зорлық-зомбылық көрсету мәселесіне қатысты жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығы өте жоғары. Атап айтсақ, Қарағанды мен Атырау облыстары респонденттерінің 88%-дан астамы, сондай-ақ Абай облысы, Астана және Алматы қалалары респонденттерінің 82%-дан астамы қоғамда осындай мәселе бар екенін растаған.