20.11.2024 _ 17:40

Жұмыс істейтін ата-аналарға арналған икемді жұмыс кестесі. ҚҚДИ өкілдері берекелі отбасын қалыптастыру бойынша ұсыныстар жасады

Жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдік. Бұған қалай қол жеткізуге болады және оған не кедергі? Кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары арасында жүргізілген сауалнама деректерін ОКҚ алаңында Қазақстандық қоғамдық даму институтының Әлеуметтанулық зерттеулер орталығының талдаушы-менеджері Елена Аппельганц айтты.

Сауалнама көрсеткендей, ата-аналардың шамамен 70%-ы тұрақты жұмыс орнымен қамтылған, ал ерлер арасында тұрақты жұмыс деңгейі шамамен 25%-ға жоғары. Қазақстандық ата-аналардың еңбек етуінің негізгі себептері – отбасын қамтамасыз ету және жеке экономикалық тәуелсіздікке үлес қосу.   

«Сондай-ақ біз ата-аналардан олардың жұмыс берушілері қызметкерлердің ата-аналық және кәсіби міндеттерін бірге алып жүруіне қалай қарайтынын сұрадық. Әрбір үшінші ата-ана оның жұмыс берушісі жұмыс пен өмірдің теңгерімі идеясын қолдамайтынын атап өтті. Әрине, қолдаудың бар екенін де атап өткендер бар. Алайда бұл қолдау негізінен бейресми түрде көрсетіледі. Ең көп таралған тәжірибе – бұл жеке себептер бойынша жұмыс орнында қысқа уақыт болмауға рұқсат беру. Пандемия тәжірибесіне қарамастан, баласы бар жұмысшылардың 10%-дан азы қашықтан жұмыс істеу форматын қолдана алады. Респонденттердің жұмыс пен отбасы арасындағы теңгерімді бағалауына келетін болсақ, олардың 60%-дан астамы оны бірге алып жүргенін айтады. Алайда, бұл тұрғыда әрбір үшінші ата-ананың проблемалары бар. Көптеген жағдайда теңгерімсіздік жұмыстың жеке өмірге қажетті уақытты алатынына байланысты болып тұр. Отбасындағы табыс деңгейі неғұрлым төмен болса, соғұрлым ата-ана жұмыс пен отбасының теңгерімсіздігіне тап болады. Бір кездері әрбір бесінші ата-ана отбасы мен жұмысты үйлестірудегі қиындықтарға байланысты жұмыстан кетуге мәжбүр болды. Әйелдер жұмыстан 2,5 есе жиі кетеді», – деді сарапшы.   

Жалақыдан бөлек, жұмысқа қанағаттану деңгейіне жұмысшының өзі құра алатын және жұмыс пен жеке өмір арасында теңгерімді орнатуға қолайлы жұмыс кестесі, қажет болған жағдайда қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі, ұжымдағы қолайлы психологиялық ахуал және түсіністікпен қарайтын басшылық сияқты факторлар әсер етеді. Көп жағдайда қазақстандық ата-аналарға отбасы мен жұмысты үйлестіруге ата-әжелер көмектеседі. Күтушілер мен үй қызметшілерінің қызметтері іс жүзінде отбасылық бюджет үшін экономикалық тұрғыда тиімсіз, сондай-ақ ата-аналардың оларға деген сенімі аз.   

Сауалнама барысында респонденттерден жұмыс берушілер мен мемлекеттің жұмыс істейтін ата-аналарға көрсететін қолдау шараларын бағалауды сұрады. Жауап бергендердің 75%-ы жұмыс беруші балалары бар жұмысшыларға көмек көрсетуі керек деп санайды. 65%-дан астамы қолданыстағы қолдау шаралары жеткіліксіз деп санайды.   

«Біз қазақстандық жұмыс берушілердің тәжірибесінде қызметкерлерге кәсіби қызмет пен ата-ана болуды үйлестіруге көмектесетін бағдарламалар жоқ екенін көріп отырмыз. Сонымен қатар отбасы мен баланың мүдделерін кәсіби деңгейден жоғары қоюға мүмкіндігі бар ата-аналар психологиялық тұрғыдан өздерін жайлы сезінеді», – деп қорытындылады Елена Аппельганц.  

Зерттеу нәтижелері бойынша бірқатар ұсыныс берілді: жұмыс істейтін ата-аналарда икемді жұмыс кесте бойынша немесе қашықтан толық емес жұмыс істеу мүмкіндігі болуы керек. Сондай-ақ жұмыс істейтін ата-аналарға арналған демалыстарға қатысты қосымша мүмкіндіктерді қарастыру ұсынылады, мысалы, қосымша ақылы демалыс күндерін, ақылы отбасылық демалыспен қамтамасыз ету. Сырқаттанған бала күтімі бойынша демалыс алуға мәжбүр болған ата-аналар үшін төлем шарттарын қайта қарау және бастауыш сыныптардың оқу режимін өзгерту мүмкіндігін қарастыру. Атап айтқанда, жұмыс істейтін ата-аналар жұмыста болған кезде оқушының мектепте болу уақытын ұзарту мүмкіндігін қарастыру қажеттілігі бар.