Министрлік заманауи стадиондар салуға да ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінде Қазақстанда 30 ірі стадион бар. Сонымен қатар тағы 15 стадионның құрылысы жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта Алматы, Ақтөбе, Атырау, Шымкент және Семей қалаларында жаңа стадиондар салынып жатыр. Бұл нысандарды 2028-2029 жылдары пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, тағы жеті стадионның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Тараз қаласында жаңа стадион салуға жер телімі белгіленсе, Қостанай және Ұлытау облыстарында жобаларды іске асыру мәселесі қарастырылып жатыр.

Спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары ірі спорт кешендерінің құрылысын да қамтиды. 2024 жылы 90 спорт нысаны пайдалануға берілді. Оның 61-і ауылдық жерде орналасқан. 2025 жылы 147 спорт нысанының құрылысы аяқталды, оның 107-сі ауылдық елді мекендерде салынды. 2026 жылы тағы 121 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар 2026 жылдан бастап Министрлік 2026-2028 жылдарға арналған спорт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жол картасын іске асыруға кірісті. Құжат аясында 86 инвестициялық жобаны, оның ішінде 56 жобаны ауылдық жерлерде жүзеге асыру көзделген.

Балалар және бұқаралық футболды дамыту да негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, балаларға арналған футбол алаңдарын салу бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. 2025 жылы елімізде 520 футбол алаңы пайдалануға берілді. Оның 378-і ауылдық жерлерде орналасқан. Биыл бұл жұмыстар республика бойынша жалғасып жатыр.

Аталған жобаларды іске асыру заманауи спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін арттырып, халықтың дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұқаралық, балалар және жасөспірімдер спортын еліміздің барлық өңірінде одан әрі дамытуға серпін береді.