1988 жылы салынған теміржол вокзалы бүгінде заманауи ғимаратқа айналды. Реконструкция аясында нысанның шатыры жөнделіп, қасбеті мен ішкі бөлмелері жаңартылды. Сонымен қатар инженерлік желілер, оның ішінде сумен жабдықтау, кәріз, жылу жүйелері, электрмен қамту жүйелері толық жаңғыртылды. Бұдан бөлек іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жолаушылар платформасы жаңартылды.
Реконструкция барысында жолаушылардың барлық санаттары үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Ғимаратта заманауи желдету және өрт қауіпсіздігі жүйелері орнатылды. Кедергісіз ортаны қамтамасыз ету мақсатында пандус, тактильді бағыттау элементтері және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы күту бөлмесі жабдықталды. Сонымен қатар жолаушылар үшін заманауи әрі жайлы күту аймақтары жасалды.
Қарасор теміржол станциясының вокзалы 3-санатқа жатады. Станция арқылы Астана, Павлодар, Көкшетау, Шымкент және Түркістан бағыттарына қатынайтын 4 жолаушылар пойызы жүреді.
Вокзалды реконструкциялау жұмыстары еліміздің теміржол инфрақұрылымын жаңғырту аясында жүзеге асырылды. Жаңартылған вокзал өңір тұрғындары мен облыс қонақтары үшін жайлы әрі қолайлы болып, заманауи стандарттарға толық сәйкес келеді.