Жобаның алғашқы кезеңінде мүгедектігі бар 180 балаға дейін қамту жоспарланып отыр. Қатысу ерікті түрде жүзеге асырылады. Ол үшін баланың заңды өкілінің жазбаша келісімі қажет. Барлық балаға бірдей тәсіл қолданылмайды. Әр баланың жағдайы жеке бағаланып, қажетті көмектің түрі мен көлемі соған қарай белгіленеді.

Әлеуметтік қызметкер алдымен балаға қандай көмек қажет екенін анықтайды. Одан кейін бейінді мамандармен бірге отбасыға көрсетілетін көмектің түрі мен тәртібін белгілейді. Қай маманның қашан кеңес беретіні, балаға қандай тапсырмалар берілетіні және қандай ұсыныстар жасалатыны да осы жоспарға енгізіледі. Баланың жағдайына қарай сүйемелдеуге логопед, психолог, дене медицинасы және оңалту дәрігері, оңалту маманы, әлеуметтік оңалту маманы және басқа да қажетті бейінді мамандар тартылады. Осылайша әр баланың нақты қажеттілігіне қарай бірнеше маманның көмегін қамтитын кешенді қолдау көрсетіледі.

Мұндай тәсіл әсіресе шалғай елді мекендерде тұратын отбасылар үшін тиімді болуы мүмкін. Қазір тар бейінді маманнан кеңес алу үшін отбасыға аудан немесе облыс орталығына баруға тура келеді. Ал қашықтан кеңес беру арқылы қажетті ұсыныстарды үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік бар.

Жаңа тәсіл осындай сапарлардың қажеттілігін азайтуға бағытталған. «FSM Social» цифрлық платформасы арқылы мамандар отбасыларға қашықтан кеңес бере алады, жеке тапсырмалар мен ұсыныстар жібереді, отбасының кері байланысын алады және баланы сүйемелдеу нәтижелерін бақылап отырады.

Бұл ретте маңызды жайтты атап өткен жөн. Жаңа цифрлық тәсіл үйде көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерді алмастырмайды. Яғни балаға көрсетілетін қызметтердің көлемі азаймайды. Керісінше, қашықтан кеңес беру қосымша көмек ретінде енгізіледі. Бұл отбасыларға қажетті мамандардан тұрақты түрде кеңес алып, баланың жағдайына қарай тиісті қолдау алуға мүмкіндік береді.

Қатысушыларды дайындау және әр балаға жеке сүйемелдеу бағытын әзірлеу 2026 жылдың қыркүйегінде басталады. Жобаның негізгі кезеңі 2026 жылдың қазан айынан келер жылдың сәуіріне дейін жалғасады.

Ал оның әдістемелік жұмысына Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы жауап береді. Орталық бейінді мамандардың жобаға қатысуын ұйымдастырады, әлеуметтік қызметкерлерді дайындайды, күрделі жағдайлар бойынша мамандардың жұмысын үйлестіреді әрі көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалайды. «FSM Social» цифрлық платформасының техникалық тұрғыдан дұрыс жұмыс істеуіне Еңбек ресурстарын дамыту орталығы жауап бермек.

Аталған жоба аяқталған соң Еңбек министрлігі жаңа тәсілдің тиімділігін бағалайды. Атап айтқанда, қашықтан көмек көрсету арқылы отбасылардың қажетті мамандарға қолжетімділігі, балаларға көрсетілген қолдаудың нәтижесі және бұл тәсілдің қызмет алушылар мен олардың заңды өкілдеріне қаншалықты ыңғайлы болғаны сараланады. Алынған тәжірибе Министрлік тарапынан үйде көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерді одан әрі дамыту және цифрлық шешімдерді жетілдіру кезінде ескерілетін болады.

Осылайша, Солтүстік Қазақстан облысында үйде көрсетілетін әлеуметтік қызметтер мен мамандардың қашықтан көмегін ұштастыратын жаңа тәсіл енгізіледі. Негізгі міндет – бала мен оның отбасына тұрғылықты жеріне қарамастан қажетті қолдауды алуға мүмкіндік беру.