«Атап айтқанда, қалада 3 мыңға жуық коммерциялық нысандарға талдау жүргізіліп, олардың бағалау құны нарықтық құнынан бірнеше есе төмен көрсетілгендігі анықталды. Оларды заңдастыру нәтижесінде нарықтық құны 58 млрд теңгеден 1 трлн теңгеге немесе 17 есеге ұлғайды. Мысалы, «Arman City» сауда орталығының құны иелері көрсеткен 50 млн теңгеден 850 млн теңгеге немесе 16 есеге ұлғайды. Сонымен қатар, хронометраж жұмыстарын жүргізу арқылы «Кәусар» ресторан желісінің табысы орташа 4 есеге артып, иелері көрсетіп отырған 625 млн теңгеден нақты 2,3 млрд теңгеге дейін ұлғайған», – деді шаһар басшысы.  

Осы сияқты қала базарларындағы табыс көлемі 115 млн теңгеден 1,3 млрд теңгеге немесе 11 есеге артты. Тойханалар бойынша табыс көлемі 8 есеге ұлғайтылып, 79 млн теңгеден 2,3 млрд теңгеге дейін жетті. Әділеттілікке кәсіпкерлердің көбісі түсіністікпен қарап, қолдағанымен, кейбір кәсіпорын Шымкент қаласының аумағында бола тұра, ресми мекен жайын Түркістан облысына ауыстырған жағдайлар да орын алуда. Дегенмен, мекен жайын ауыстырғандар салық төлеуден босатылмайды.  

Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, соңғы 3 жылда салықтық түсімдер 262 млрд теңгеден 660 млрд теңгеге артып 2,5 есеге өсті. Бюджет шығыстарын жоспарлауда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 5,8 млрд теңгеге 182 балалар және 26 спорт алаңшалары мен 18 сквер салынуда. 

Қазіргі таңда жүзеге асып жатқан тағы бір маңызды бастама бар. Ертеректе түрлі жолмен әлеуметтік маңызды нысандар жекеменшікке өтіп кеткен. Осы нысандардың барлығына зерделеу жүргізіліп, бірқатар меншік иелері тарапынан мақсатсыз пайдалану және талаптарды орындамау фактілері анықталды.  

«Өткен жылы қаладағы бұрынғы «Фосфоршылар сарайын» мемлекет меншігіне қайтарып, ғимарат жарамсыз болуына байланысты, бұзу жұмыстары аяқталды. Алдымыздағы жылы демеушілер есебінен орнына жаңа мәдени нысан салу көзделуде. Биыл қысқы спорт түрлерімен шұғылданатын жекеменшік иелігіне өткен қаладағы жалғыз «Мұз сарайының» 67%-ы үлесі мемлекет меншігіне өтті. Бұл дегеніміз басқару құқығы мемлекетке тиесілі болды. Сондай-ақ өз міндеттерін орындамаған жеке кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілген №2 қалалық емхананың келісім шартын бұзып, мемлекетке қайтардық», – деді спикер.  

Сол сияқты міндеттемені орындамаған сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген «Орталық су спорт кешенін» мемлекетке қайтару бойынша сотта талап арыз қаралуда. Одан бөлек, қала тұрғындарының ұсынысын ескеріп, коммерциялық бағытқа пайдаланып келген, «Қиял әлемі» технопаркі және «Кең баба» саябағын мемлекет меншігіне қайтарылып, демеушілер есебінен қайта абаттандыру жұмыстары қолға алынды. 

«Қиял әлемі» саябағына іргелес жатқан аумақта құрылысы аяқталмаған сауда орталығының жері мемлекетке қайтарылды. Енді құрылыс нысанын бұзу бойынша іс сотта қаралуда. Сол сияқты «Су Ресурстары Маркетинг» ЖШС-н жекешелендіру құжаттарын зерделеу барысында бірқатар кемшілік анықталды. Мекеменің жұмысына да қатысты бірқатар мәселе бар. Бүгінде заңға сәйкес тиісті жұмыс жүргізілуде.