Өзектілігін жоғалтты. Шетелдік тәжірибе бойынша ашылған жауапты хатшылардың лауазымдары «А» корпусына жатады және 15 министрліктің құрылымында бар, бірақ олардың жойылуы мемлекеттік аппараттың тұрақтылығына әсер етпейді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы Анар Жайылғанова Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында айтып берді.

Жоспар бойынша, министрліктердегі жауапты хатшылар билік вертикалін нығайтып, Президент Әкімшілігінің бақылауын күшейте отырып, мемлекеттік аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, өзіндік бір өзегіне айналуға тиіс болатын. Яғни, оларға министрлердің барлық әкімшілік-кадрлық жұмысы жүктелді.

«Алайда, мемлекеттік қызметтегі мансаптық модельге көшуді ескерсек, бұл құрал өзектілігін жоғалтты. Бұрын жауапты хатшылар лауазымына тағайындауды Президент Әкімшілігінің ұсынысымен және Премьер-Министрмен келісу бойынша Президент жүзеге асырған. Нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін министрліктер аппараттарының басшыларын қызметке тағайындауды Президент жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның келісімі бойынша министрдің өзі жүзеге асыратын болады», - деді ведомство төрайымы.

Жауапты хатшылардың функциялары аппарат басшыларына беріледі, олардың мәртебесін «А» корпусына дейін арттырады. Заңнамалық түзетулер топтамасы жыл соңына дейін қабылданады.

Анықтама үшін: 1 Конституциялық заңға, 2 Кодекске және 5 заңға өзгертулер енгізіледі.

1) «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заң;»;

2) Бюджет кодексі;

3) «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекс;

4) «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» заңы;

5) «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» заңы;

6) «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң;

7) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңы;

8) «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң.