Артериялық гипертензия, жүрек ишемиясы бар адамдар, созылмалы жүрек жетіспеушілігі бар науқастарда коронавирус ауыр өтеді. Себебі өкпе зақымданған кезде ағзаға түсетін оттегі мөлшері азаяды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық кардиохиругия орталығының реаниматолог-дәрігері Айдын Қуанышбек мәлім етті.

Оның айтуынша, кардиологиялық аурулары бар науқастардың тамырлары бітеледі, өкпе жақсы жұмыс істеп тұрғанның өзінде жүрегі ауыратын адамның тыныс алуы қиын болады.

«Жүрек ишемиясы бар адамдар коронавирус жұқтырған жағдайда, оттегі қажеттілігі мен оттегінің ағзаға түсуінің арасындағы айырмашылық артады. Жүрегі ауыратын науқастарға онсыз да оттегі жетіспейді, ал өкпесі зақымданса, олардың жағдайы одан сайын нашарлай түседі. Жедел инфракт болуы мүмкін, жүрек қабынуы жиі орын алады», - дейді маман.

Айдын Қуанышбектің атап өтуінше, ДДСҰ мәліметтеріне сәйкес, соңғы 15 жылда әлем бойынша өлім-жітім көрсеткіші бойынша жүрек-қан тамыры аурулары бірінші орында тұр.