Пилоттық жоба енгізілген сәттен бастап қосымша өзінің тиімділігін көрсетуде. Оны 235 мың пайдаланушы қолдануда. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов осындай мәліметтерді жария етті.


«Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша «Ashyq» қосымшасын бүгінде 235 мың пайдаланушы жүктеген. Жобаға 619 кәсіпкерлік объекті мен ұйымдар қатысушы болып табылады: фитнес-клубтар, йога орталықтары, спа-орталықтар, компьютерлік клубтар. Соңғы аптада COVID-19 жұқтырған 213 адам анықталды. Жалпы, бұл кезеңде шамамен індет  жұқтырған 560 адам анықталды. «Ashyq» жобасының мақсаты бизнес объектілерінде азаматтар «жасыл аймақта» бола тұра, бұрынғыдай белсенділік танытуы үшін қауіпсіз орта құру болып табылады. Егер олар ауру жұқтырмаса, ПТР тесттің нәтижесі теріс болса, сәйкесінше, олар бұл нысандарға бара алады, бұл қауіпсіз орта екенін біледі», - деді спикер жоба нәтижелеріне тоқтала отырып. 


Ресми мәліметтерге сәйкес, соңғы үш күннің ішінде мыңдаған адамға жұқтыруы мүмкін 109 науқас келушінің мекемеге кіруіне жол берілмеді.


26 сәуірден бастап жоба барлық өңірлерде қолданысқа енгізіледі. Сол себепті, қосымшаның қуатын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Осылайша, қосымшаның үздіксіз жұмысы қамтамасыз етіледі. Азаматтардың жеке деректерін қорғау мақсатында қосымша ақпараттық қауіпсіздік сынағынан өтеді. Серверлер «ҰАТ» АҚ қорғалған контурында орналасқан.


Сонымен қатар, «Ashyq» туралы қолжетімді ақпаратпен қамтамасыз ету үшін 1414 Бірыңғай байланыс орталығы базасында пайдаланушыларға техникалық қолдау көрсететін «бірінші» желі құрылды, «Атамекен» ҰКП бизнес өкілдері үшін 1432 call - орталығын ұйымдастырды.