«Бұдан кейін арнайы конкурстық іріктеуге жасақталған жеке кабинетіне кілт алады. Ол жерде әрбір үміткер жеке деректерін көрсетпей, жеке дара идентификациялық кодпен барлық конкурстық іріктеу кезеңдерінен өтеді. Байқаудағы іріктеу кезеңдерінің саны алтыдан үшке дейін қысқартылды. Іріктеу турлары кешенді тестілеу, тәуелсіз сараптама комиссиясының мүшелерімен жеке әңгімелесу және шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысында құжаттарды қарау кезеңдерін қамтиды», - деді орталық басшысы.

Бірінші кезеңде кешенді тестілеу толығымен онлайн порталда өтеді. Онда мазмұндық тұрғыдан бұрынғыдай пәндік сұрақтар қойылмайды және вербалдық, сандық және психологиялық тұрақтылығын көрсететін дағдыларын айқындайтын үш бөлімнен тұрады. Тестілеу барысы аудио видеофиксацияланады және Анти читинг бағдарламасы орнатылады. Бұл үміткерлердің қандай да бір басқа ақпарат көзінен жауап іздегенін көруге мүмкіндік береді. Осы кезеңнен өткен үміткерлер тәуелсіз сараптама комиссиясының жеке сұхбатына шақырылады. 


«Ол жерде де әрбір үміткер онлайн порталда жеке кабинетінде өзіне ыңғайлы күнді, уақытты таңдайды, сол күні сұхбатқа онлайн тіркеліп келеді, оның онлайн деректері, аты-жөні, оны сұхбаттайтын тәуелсіз сараптама комиссия мүшелеріне көрінбейді. Бұл мүдделер қақтығысының алдын алу үшін жасалады. Сонымен қатар қойылатын сұрақтар қатаң регламенттеледі. Іріктеуден өткен үміткерлер республикалық комиссия отырысының қарауына ұсынылады», - деді спикер. 


Бұл ретте ол биыл тәуелсіз сараптама комиссия мүшелерін іріктеуге қойылатын талаптардың да күшейтілгенін атап өтті. Бұған дейін комиссия мүшелерінің құрамы кемінде үш адамнан тұрса, 2020 жылдан бастап комиссия құрамына кемінде бес адам кіреді. Жалпы, автоматтандыру жұмыстары жалғасады.