Жалпы республика бойынша 79 газ өндіруші компания бар, оның ішінде шамамен 23 компания газды ішкі нарықты және экспорттың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін газ транспорттық жүйеге өткізеді. 
2020 жылдың қорытындысы бойынша республикадағы мұнай-газ өндіруші компаниялардың газ өндіруі 55,1 млрд.м3-ді құрады, бұл 1991 жылғы газ өндіру деңгейінен 7 есеге жоғары. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаев мәлім етті. 


Жақын келешекте божамдарға сәйкес елдің ішкі нарығындағы тұтыну өсетін болады және 2025 жылға қарай 25,7 млрд м3-қа және 2030 жылға қарай 30,2 млрд м3-ге жетеді. 


«Өсіп келе жатқан қажеттілікті жабу жаңа кен орындарын іске қосу есебінен болады деп күтілуде. 9 жер қойнауын пайдаланушылармен 187 млрд м3 алынатын газ қорлары бар 11 кен орнын барлауға және өндіруге келісімшартқа қол қойылды. Аталған кен орындарын уақтылы іске қосу  газдың жылына 2025 жылы 7 млрд м3 және 2030 жылы 8,4 млрд м3 көлемдерінің ұлғаюына алып келеді деп болжанады», - деді спикер.