Оның айтуынша, облыстың маңызды экономикалық саласының бірі ауыл шаруашылығында тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен шамамен 26,7 млрд теңге субсидия бөлінді. Оның ішінде, қомақты қаражат, яғни 6,7 млрд теңге жем-шөп сатып алуға бөлінді. Облыс ағымдағы жылы осындай ауқымда ауыл шаруашылығына қажетті қолдау көрсеткен өңірлердің бірі. 


Сонымен қатар, «Еңбек» бағдарламасы бойынша 746 жобаны іске асыруға 3,3 млрд теңге бөлінді. 


«Жалпы, ағымдағы жылдың 9 айында 270 млрд теңгеден астам ауыл шаруашылық өнімі өндірілді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ірі қара мал басы 4,8%, ұсақ мал – 3,8%, жылқы - 9,7%, құс - 7,9% артты. Бұл субсидия бөлудің, ауыл шаруашылығына көрсетілген қолдаудың нәтижесінде болып отыр. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің ұлғаюына және жергілікті тұрғындарды азықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді спикер. 


Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына 15,1 млрд теңге инвестиция тартылды. Биыл 8,3 млрд теңгеге 10 инвестициялық жоба іске асырылды, жыл соңына дейін 3,7 млрд теңгеге тағы 7 жоба пайдалануға беріледі.