«Естеріңізде болса, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Экономикалық қылмысқа және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі деп аталды. Жұмыс тиімділігі қылмыстар санымен және шулы қамаулармен бағаланатын. Бұл жұмыс әдісі сол заманның жемқорлық сипатына сәйкес болды. 
Жұмыс тәсілдері өте қарапайым еді – қылмыскерді пара алу үстінде ұстайсың, қамайсың. Бірақ лауазымды адамдарды ғана ұстау – жүйелі проблеманы шешпейді. Мұндай тәсілдер жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жойған жоқ. Мемлекет басшысы да бұған ерекше назар аударып, жемқорлықтың шарттарын жоймай, онымен күресу – жел диірменімен алысумен бірдей деп айтты. Қазіргі кезде агенттік жұмысы қайта бағдарланды», - деді М.Ахметжанов.  


Оның айтуынша, бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, көп бағытта цифровизация амалдары жүргізілді; жемқорлық туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу жүйесі жетілдірілді; мемлекеттік ұйымдарда жақын туыстардың бірлескен жұмысы шектелді; қол астындағы қызметкердің жемқорлығы үшін басшылардың жеке жауапкершілігі айқындалды; коррупция қылмыстары үшін, әсіресе құқық қорғау органның қызметкерлері мен судьялар үшін санкциялар күшейтілді. Мысалы, парақорлық үшін бас бостандығынан айыру мерзімі 15 жылға дейін ұзартылды. Сондай-ақ жемқорлар үшін мемлекеттік қызметке өмір бойына тыйым салынды және ауыр жемқорлық қылмыстары үшін түрмеден ерте босату шектелді.