Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметке кірудің екі кезеңі бар – тестілеу және әңгімелесу кезеңі. Былтыр мемлекеттік қызметке келу үшін тестілеуге қатысқан 110 мың адамның 50%-дан астамы ғана оны сәтті тапсырып өткен.  

«Тестілеу орталықтары көп жағдайда облыс орталықтарында орналасқан. Яғни, тестілеуден өту үшін үміткерлер өз қаражатын, уақытын жұмсап, сол өңірлерге баруы тиіс. Одан кейінгі әңгімелесу кезеңі бойынша бірнеше мәселе бар. Өткен жылы 28 мыңға жуық іріктеу бойынша конкурс жарияланса, оған 46 мыңнан астам азамат қатысып, оның 30% ғана сәтті өтіп, жұмысқа орналасты. Бұл жерде де қолжетімділік сұрағы туындайды. Мысалы, Маңғыстаулық жерлесіміз Нұр-Сұлтан қаласында жарияланған әңгімелесуге қатысу үшін мыңдаған шақырым қашықтықты еңсеруі қажет. «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік қызметке іріктеу процесінің барлық кезеңдерін автоматтандыру, қашықтан қатысу аталған мәселелерді шешетіні анық. Осы жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған», - деді агенттік өкілі.