Маржан Нұрлыбаева өңірдің денсаулық саласында 1987 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде ол Жаңаөзен қалалық жедел медициналық жәрдем станциясында фельдшер қызметін атқарады. Ол ақ халаттылар арасында өтетін көркемөнер сайыстарына қалт жібермей қатысады. Себебі Маржанның шығармашылыққа жаны жақын және бірнеше өлеңнің авторы.

- Сәуір айының басында республика бойынша «100 Үздік маман» шығармашылық сайысы өтетіндігін басшылық хабарлады. Сөйтіп, қатысуға ниет білдірдім. Бірінші бөлімде еңбек жолымды ұштастыра отырып «Ерен еңбек еленер, рухани дүние ол – өнер» тақырыбында эссе жаздым. Бірер күннен соң, екінші кезеңге өттіңіз деген хабарлама келіп, шарт бойынша «Дені сау ұлт, табысты ел болайық» деген тақырыпта мақала ұсындым. 20 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласынан денсаулық сақтау саласындағы «ҚР бойынша 100 үздік маман» байқауының 1-орын жеңімпазы атандыңыз деген диплом мен алғыс хат келді. Қуанышымда шек жоқ, бала күнгі арманым орындалды, - деді Маржан Нұрлыбаева.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Маржан Нұрлыбаева аймақтың денсаулық саласындағы «Көркем сөз» номинациясы бойынша өткен сайыстың да бас жүлде иегері. 2021 жылы «Ең үздік маман» төсбелгісін алған.

- Жедел жәрдемдегі жұмысыма келер болсақ, фельдшер бұл қиын әрі қызықты мамандық. Ал, филология мамандығы бала кездегі арманым болатын. Өз мамандығымен қоса бос уақытымда шығармашылықпен айналысқанды ұнатамын, - деді Маржан Нұрлыбаева.

Айта кетейік, Маржан Нұрлыбаеваның ақындық қабілеті де басым. Оның қаламынан туған бірнеше өлең «Ғасыр жыры» кітабына еніп, алтын қорда сақталған.