«2017-2021 жылдары дәрігерлер тапшылығы екі есеге, 10 мыңнан 23 мыңға дейін ұлғайды. Қазіргі уақытта бұл тапшылықты жабу үшін лауазымдар біріктіріліп жатыр. Біріктірудің жалпы коэффициенті шамамен 1,5-2 ставка болып отыр. Осының барлығы медицина мамандарына үлкен жүктеме түсіреді», - деді ҚР Есеп комитеті экономиканың нақты секторына аудит жүргізу департаменті директорының орынбасары Нұрлан Қатренов кулуарда.

Жүктемеден бөлек, спикер дәрігерлерге шағымдар санының 2 есеге артқанын атап өтті. Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарына бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне жүргізілген аудит нәтижесінде орта есеппен бір жалпы практика дәрігеріне 1200-ге жуық пациент тиесілі екені анықталды.

«Мұның бәрі әрине түсінікті, басты себептерінің бірі – жоғары жүктеме болып отыр. Медициналық білімі бар мамандардың шетелге көптеп кетуі байқалады. Соңғы 5 жылда 5 мыңнан астам маман шетелге кеткен», - деді Н.Катренов.

Сонымен қатар спикер медициналық білімі бар мамандардың қартаюына да баса назар аударды. Бүгінгі таңда зейнет жасына жеткен кәсіби белсенді дәрігерлердің саны шамамен 30%-ға жеткен. Бұған дейін Есеп комитеті Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы толық жасалмаған және іске қосылмайтын бағдарламалық жасақтама үшін 726,3 млн теңге жұмсағанын айтқан еді.