Көлік қызметкерлері күні еліміз бойынша тамыздың бірінші жексенбісінде атап өтіледі. Ол ресми мәртебеге ие және Президент Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының кәсіби мерекелер тізіміне кіреді.

Осыған орай ҚР ИИДМ басшысы сала қызметкерлерімен кездесу барысында сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.

«Көлік саласында 400 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өздерінің қажырлы еңбектерімен олар көлік инфрақұрылымының қарышты дамуына үлес қосып, Қазақстанның шет елдермен байланысын нығайтады», — деді Қайырбек Өскенбаев.

Ол елордадағы коронавирус індетінің таралуына байланысты Министрлікте азаматтарды қабылдау талаптары енгізілгенін айтып, осы ретте көлік ұйымдары мен кәсіпорындар үздік қызметкерлеріне назар аударып, ұжым ішінде марапаттау рәсімін ұйымдастыру қажеттілігін атап өтті.

Сондай-ақ министр Қазақстанның темір жолдары ұзындығы бойынша үздік елдердің қатарына кіретініне баса назар аударды.

«Қазақстанның ерекше географиялық орналасуы көлік желісі мен логистиканы дамыту мен жаңғыртуға байланысты мәселелерді шешуге ерекше назар аударуды міндеттейді», — деп түйіндеді ведомство басшысы.