Оның айтуынша, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру екі жыл ішінде барлық ауылдарды және 650 елді мекенді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Сондай-ақ 32 көп бейінді орталық аудандық аурухана ұйымдастырылады. Осындай іс-шараларды жүзеге асыру бүгінгі күні өте өзекті және уақыты келді. Қазіргі таңда ауылда 7,7 млн астам халық тұрады. Оларға медициналық көмек көрсету үшін 5 мыңнан астам медициналық ұйым қызмет етеді, оның ішінде 2 мыңнан астам медициналық пункт, 790 - фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 мыңнан астам – дәрігерлік амбулатория, 227 – емхана, 203 – аурухана бар. Елді мекендерде 67 мыңнан астам медициналық қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 13 мыңнан астамы дәрігер», - деді А.Ғиният.
ДСМ басшысы ауылдық денсаулық сақтау деңгейінде проблемалық мәселелер бар екенін айтты. Атап айтқанда, 200-ден астам ауылдық елді мекенде медициналық нысандар жоқ, бұл өзекті мәселе. Бұдан басқа, ауылдарда алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының медициналық инфрақұрылымының 50%-дан астамы тозған.
Денсаулық сақтау саласын реформалау жылдарында ауылдарда учаскелік ауруханалар жабылып, керуеттер қысқарды. Соған байланысты ауылдарда медицина мамандарының саны азая бастады.
«Бүгінде ауылда кадр тапшылығы сақталуда. Ағымдағы жылдың басында ол шамамен 1 мың маманды құрады. Сонымен қатар ауылдық жерлерде профилактика, аурудың алдын алу, динамикалық бақылау сапасы төмен, созылмалы аурулары бар пациенттерге консультациялық-диагностикалық қызметтер, дәрі-дәрмек қол жетімділігі аз.
Бұл өз кезегінде халық денсаулығының кейбір көрсеткіштеріне теріс әсер етеді.
Осы проблемаларды ескере отырып, ауылдық медицина бойынша жоспарлы түрде өңірлік әкімдіктермен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде», - деді министр.