Вице-министр өз сөзінде мемлекет әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және қолдау үшін айтарлықтай күш-жігер жұмсап отырғанын атап өтті. Бұл шағын және орта бизнестегі әйелдер үлесінің артуымен расталады (2010 ж. – 26%, 2021 ж. – 43,3%).
«Экономикалық белсенділікті қолдау мақсатында Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған Ұлттық жоба шеңберінде қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары ұсынылады. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау халықаралық қаржы институттарының және «Даму» КДҚ» АҚ-ның түрлі бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады», - деп хабарлады ол.
2021 ж. сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау құралы бойынша кәсіпкер әйелдердің шамамен 10 мың жобасы қолдау тапты, кредиттерге кепілдік беру құралы бойынша 7 мың жоба қолдау тапты. Өткен жылы ақпараттық-қамтамасыз ету бойынша әйелдерге 84 мыңға жуық консультация, ал сервистік қолдау бойынша 17 мыңнан астам консультация көрсетілді.
Сондай-ақ, бүгінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың 17 орталығы жұмыс істейді. Мақсаты - әйелдердің экономикалық белсенділігін ынталандыру. Келесі жылы жаңадан құрылған өңірлерде орталықтар ашу жоспарлануда (Абай, Ұлытау, Жетісу).
«Бүгінгі күнге дейін орталықтарда 7 мыңнан астам әйелге қызмет көрсетілді. Олардың 30%-ы халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады», - деп мәлімдеді вице-министр.
ҚР ҰЭМ Еуропалық Қайта Құру және даму банкімен бірлесіп кәсіпорындарға техникалық көмек көрсету, сондай-ақ қаржылық қолдау арқылы әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың бәсекеге қабілеттілігі мен әлеуетін арттыруға бағытталған «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасын іске асыруда.
Сонымен қатар, еліміздің аймақтарында «Бір ауыл – бір өнім» пилоттық жобасы енгізілді.
«Біз кәсіпкер әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту тұтастай алғанда елдің инклюзивті, өмірге қабілетті және орнықты экономикасының мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететініне сенімдіміз», - деп түйіндеді Омарбеков.