Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың хабарлауынша, тиісті көші-қонды бақылау eQonaq электронды жүйесі және арнайы мобильді қосымшаларды енгізу арқылы іске асады. Сондай-ақ уәкілетті органдармен бірлесіп, визалық, көші-қон саясатын либерализациялауға байланысты тәуекелдердің алдын алу жөнінде іс-шаралар қабылданады.

Салынған қаражаттың тиімділігін бағалау үшін туристік инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірлердің ұлттық рейтингтік бағасын енгізу жоспарланып отыр. Рейтинг Қазақстанның туристік картасына енгізілген басым бағыттар мен ТОП-50 дестинацияны қамтиды.

Өңірлік туризм саласындағы шағын, орта және ірі «зәкірлік» инвестициялық жобаларды іске асыруға жеке капитал тартылады.

ТЖМ аумақтық бөлімшелерін туристердің жүріп-тұру маршруттары туралы хабардар ету бойынша талап енгізіледі.

Сондай-ақ бүкіл ел бойынша туристік жолдарды таңбалау жөніндегі стандарт қабылданады.  

Саяхатшыларды барлық қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету үшін, мысалы, туристік нысандардың орналасқан жері және жергілікті жерлерде көрсетілетін қызметтердің тізбесі туралы Ұлттық туристік порталды дамыту жалғасады. Ол Қазақстанда және шетелде отандық туристік өнімнің танылуын арттыруға бағытталған мобильді қосымшалар мен веб-порталдардың бірыңғай жүйесіне айналады. Жүйе кәсіпкерлер үшін жекелеген бизнес-процестерді автоматтандырады, бағалаулар мен рейтингтер арқылы нарықты бақылауға мүмкіндік береді. Бұл туризмді цифрлық экономиканың толыққанды сегментіне айналдыруға және бірыңғай цифрлық ақпараттық платформа құруға көмектеседі.

Туризм саласында кадр даярлау жүйесін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар іске асырылады. 2029 жылдың соңына дейін туризм саласында кемінде 14 мың адамды біліктілік арттыруға арналған іс-шаралармен қамту жоспарланған.

Ұйымдастырылған ішкі туризмді ынталандыру үшін қолданыстағы Kids Go Free бағдарламасымен қатар туристік кэш-бек енгізіледі.

Мәдени-танымдық туризм, агротуризм, әлеуметтік, медициналық, экологиялық, іскерлік, балалар-жасөспірімдер және туризмнің басқа да түрлері дамитын болады.

Аталған барлық бағыттар бойынша белсенді жұмыс 2030 жылға қарай ішкі туристер санын 11 млн адамға, ал шетелдік туристер санын 4 млн адамға дейін арттыруға септігін тигізеді.