Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 5%-ды (нақты сектор – 4,8%, қызмет көрсету саласы – 4,9%) құрағанын баяндады. Барлық негізгі салалар оң динамика көрсетіп отыр, құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат пен байланыс салалары бойынша ең жақсы көрсеткіштер тіркелді.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 13%-ды құрады. Олардың ағыны көлік пен қоймалауда – 57%-ға, сауда-саттықта – 32,%-ға, ауыл шаруашылығында – 22%-ға, білім саласында – 21,5%-ға, сондай-ақ өнеркәсіпте – 10,9%-ға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 11,4%-ға өсті.
Алдын ала жасалған қорытынды бойынша қаңтар-мамыр айларында сыртқы сауда айналымы 8%-ға өсіп, $55,8 млрд-ты құрады. Экспорт $31,6 млрд-қа жетті, бұл ретте өңделген тауарлардың экспорты 3,8%-ға өсіп, $10,2 млрд-ты құрады. Тауар импорты $24,2 млрд-ты құрады. Жалпы алғанда республиканың оң сауда балансы шамамен $7,4 млрд-ты құрайды.
Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, мемлекеттік бюджетке 9,2 трлн теңгеден астам кіріс түскен (жоспар 102,3%-ға орындалған). Атап айтқанда, республикалық бюджет 6,1 трлн теңгеге (94,7%), жергілікті бюджеттер – 3,1 трлн теңгеге (121,7%) толықтырылды. Сонымен қатар мемлекеттік бюджет шығыстары 99,3%-ға, республикалық шығыстар 99,4%-ға, жергілікті шығыстар 99,5%-ға орындалды.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов есепті кезеңде экономиканың өсуіне тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және қызмет көрсету салалары үлес қосқанын атап өтті.
Мәселен, өңдеу өнеркәсібі бойынша машина жасауда – шамамен 30%, оның ішінде автомобиль жасауда – 40%, локомотивтер мен вагондар өндірісінде – 36%, электр жабдықтарын шығаруда – 35% өсім тіркелді. Жеңіл өнеркәсіп – 24%-ға, оның ішінде текстиль өндірісі – 42%-ға жуық өсті.
Тау-кен саласындағы оң серпін шикі мұнайдың 5,6%-ға және табиғи газдың 2,5%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Құрылыста өсім 12%-дан астам, ауыл шаруашылығында – 3%, қызмет көрсету саласы шамамен 5%-ға өсті.
Сонымен қатар республикада сусындар, азық-түлік, пластмасса бұйымдары, минералды өнімдер, дайын металл бұйымдары өндірісі де ұлғайды.
Жалпы 6 айдың қорытындысы бойынша барлық негізгі макрокөрсеткіштердің өсуі Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында тіркеліп отыр.
Сондай-ақ өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі Ақтөбе облысында – 8,4%-ға, Қарағанды облысында – 7%-ға, Қызылорда облысында – 1,7%-ға, Батыс Қазақстан облысында – 1%-ға жуық төмендеп кеткен. Ал, Солтүстік Қазақстан (1,9%) және Ұлытау (0,7%) облыстарында негізгі капиталға салынған инвестициялардың төмендеуі байқалып отыр.
«Аталған өңірлер жыл аяғына дейін жағдайды түзетуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы осы жылдың соңына дейін экономиканың ең кемі 5%-ға өсуін қамтамасыз ету қажеттігін айтты, бұл халықтың тұрмыс сапасын одан әрі жақсартуға оң ықпал ететін факторға айналады. Осыған байланысты ол экономиканы әртараптандыру және тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты күшейтуі қажеттігін атап өтті.
Оның айтуынша, инвестиция үшін жаһандық бәсекелестік жағдайында стратегиялық инвесторларды тарту жұмысын күшейту қажет. Сонымен қатар олардың әрқайсысымен тікелей жұмыс істеп, келіссөздердің әр сатысын бақылауға алу керек.
Тағы бір аса маңызды міндеттің бірі – бағаның өсуін тежеу. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде жартыжылдық қорытындысы бойынша инфляцияның жылдық көрсеткіші 14,6%-ға дейін төмендеді.
«Біздің алдымызда осы жылы инфляцияны 2 есе төмендету міндеті тұр. Бұл біздің бәрімізден үйлесімді және жүйелі жұмыстарды талап етеді. Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, инфляцияны жоспарлы мәнге дейін төмендету шараларын қамтамасыз етуі қажет», — деп атап өтті Премьер-Министр.
Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов жекешелендірудің кешенді жоспарын сапалы іске асырудың маңыздылығын атап өтті, бұл перспективада мемлекеттің экономикадағы үлесін Жалпы ішкі өнімнің 14,4%-ына дейін қысқартуға мүмкіндік береді.