Өңір басшысының айтуынша, Екібастұзда жылумен жабдықтаудың барлық жүйесін жаһандық жаңарту жүргізілуде.
«Екібастұз ЖЭО-да 2 қазандық жөнделді. Қалған 8 қазандықта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Барлық қажетті материалдар мен жабдықтар сатып алынды, жеткізу және монтаждау жұмыстары жүріп жатыр», – деді өңір басшысы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Жұмыстар мына бағыттар бойынша жүргізіліп жатыр: кешенді жылу техникалық аудит, орамішілік және магистральдық жылу желілерін ауқымды жөндеу, ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстары, әлеуметтік объектілер мен тұрғын үйлерді жылыту кезеңіне дайындау.
«Қазандықтардың бірінші бөлігі жылыту кезеңіне дейін дайын болады, екіншісі – резервтік, қыркүйек-қараша айларында іске қосылады. Екібастұз қаласында -37°-40° С аязда тоқтап қалмауы үшін ЖЭО-да 4 қазандық жұмыс істеуі қажет: 2 су жылыту қазандығы және 2 энергетикалық қазандық. 4 қазандық резервте болады деп жоспарлап отырмыз», – деді спикер.
Екібастұзда 690 көпқабатты тұрғын үйдің ішінен басқару нысаны жоқ 184 көпқабатты үй анықталды, онда дайындық жұмыстарын қала құраушы кәсіпорындар жүргізеді. Жалпы, бүгінгі таңда 570-ке жуық тұрғын үйдің жылыту маусымына дайындық актілері бар.
«Екібастұз тұрғындарына жылу беріледі. Басқа амал жоқ», – деді Павлодар облысының әкімі.