Әкімнің айтуынша, егіс алқабы 1,6 млн гектарға дейін ұлғайтылды, бұл өткен маусымға қарағанда 50 мың гектарға артық. Айналымға 137 мың гектардан астам пайдаланылмайтын ауыл шаруашылық жерлері қайтарылды. Былтырғы жылмен салыстырғанда, ауылдардағы жайылым тапшылығы 2 есеге қысқарды.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында 300-ден астам жоба қарастырылды. 161 жоба иелері несиелерін алып, кәсіптеріне кірісті. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 26 ауылдың инфрақұрылымы жаңартылуда», – деді Павлодар облысының әкімі ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Өз кезегінде, бұл азық-түлік бағасына оң әсер етуде – 11 позиция бойынша баға ел бойынша орташа бағадан төмен. Бұған 273 серіктес дүкен арқылы сатылатын 14 мың тонна өнімі бар облыстың тұрақтандыру қоры септігін тигізуде.

«Даладан сөреге дейін» қағидаты бойынша азық-түлік өнімдерін сататын саладағы алғашқы мамандандырылған фермерлік базар белсенді жұмыс істеуде. Дәл осындай фермерлік базарларды Екібастұз бен Ақсуда салу жоспарлануда», – деді А.Байханов.