Өндіріске жіберілген 10 жоба арнайы ұйымдастырылған байқау нәтижесінде іріктеліп алынды. Конкурсқа түркітілдес елдердің ұлы тұлғалары, қасиетті жануарлары мен жер-су атаулары, түркітілдес елдердің ортақ мерекелері мен ұлттық ойын-сауықтары туралы аңыздар негізінде жазылған 26 студиядан 40 сценарий қабылданды.
Ашық қорғау қорытындысы бойынша «Үш Арыс», «Шырақ батыр мен бүркіт жайлы аңыз», «Лэйла. Түркі Патшайымының құпиясы», «Ашина – бірінші көктүрік», «Тұран», «Алтын көл», «Ахмет», «Қожанасыр және ұры», «Суындар» және «Жұмақ дегеніміз...» атты 10 анимациялық жоба қолдауға ие болды.
«Өндіріске жіберілген пилоттық анимациялық жобалар жанр жағынан да, тақырып бойынша да бір-біріне ұқсамайды. Әрқайсысы өзіндік ерекшелігімен дараланады. Бұл жоба түркітілдес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, қазақстандық студияларға жаңа нарықтарға шығып, көрермендер аудиториясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл болашақта бауырлас елдермен бірлескен анимациялық жобалар жасаудың алғашқы қадамы», – деді ҚР МСМ Мәдениет комитеті төрағасының міндетін атқарушы Күміс Сейітова.