Осы гранттардың артықшылықтарын түсіндіру мақсатында ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев Маңғыстау және Атырау облыстарына барды.
«Халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің талапкерлері үшін 5000 грант бөлінді. Гранттар былай бөлінген: Атырау облысы – 1500, Маңғыстау облысы – 1500, Ұлытау облысы – 300, Жетісу облысы – 300, Абай облысы – 500, Шымкент – 400, Түркістан облысы – 500. Бұл гранттар педагогикалық, инженерлік, IT мамандықтарға және жаратылыстану ғылымдарына бөлінген. Бұл жерде атап өтетін жайт, балалар осы арнайы грантқа да, жалпы конкурсқа да қатыса алады», – деді Руслан Емелбаев.
Ақтау және Атырау қалаларында талапкерлермен және олардың ата-аналарымен кездесулер ұйымдастырылды. Іс-шара аясында нысаналы гранттардың артықшылықтары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ кездесуге қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ЖОО өкілдерінен кеңес алды.