Құжатқа сәйкес, 2023 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген ҚР Үкіметінің резервінен кезек күттірмейтін шығындарға Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласына жалпы сомасы 8 млрд 400 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. 

Қаражаттың басым бөлігі қазандықтар мен жылу желілерін күрделі жөндеуге бағытталады. Сонымен қатар қаражат отын беру галереясы мен аспирация жүйесін күрделі жөндеуге жұмсалады. 

2023 жылдың 23 наурызында Риддер ЖЭО-дағы №6 қазандық жанындағы отын беру галереясында көмір тозаңы жарылысы пайда болған еді. Жарылыс толқыны шамамен 80 шаршы метрді құрайтын қоршау құрылымдарын қиратып, облыс көлемінде төтенше жағдай режимі жарияланған болатын.

Сонымен қатар Семей қаласының коммуналдық инфрақұрылымын жөндеуге ҚР Үкіметінің резервінен 16,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.  

Семей қаласының жылу желілерінің ұзындығы 322 шақырым, оның 68%-ы тозған. Кей бөліктердегі жылу желілері 100% тозған (1966 жылы іске қосылған). Өткен жылыту маусымында қала желілерінде 337 апатты жағдай орын алды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 21%-ға артық. 

Семей қаласын жылыту маусымында сапалы қызметпен қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту, жылыту маусымының үздіксіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі жылу желілерінің тозығы жеткен бөліктерін анықтады, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге сараптамадан оң қорытынды алды.

Үкімет резервінен бөлінген қаржыға Семей қаласындағы желілік сорғыларды ауыстыра отырып, 1-ЖЭО-дан 1, 2, 3, 4 павильондарға дейін 5,8 шақырым магистралдық жылу желілерін күрделі жөндеуге бағытталады.