Отырыста сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров мемлекеттік заттай гранттар Қызметтің басым түрлерінің тізбесі бойынша тауарларды өндіру саласында да, қызмет көрсету саласында да берілетінін және сауда-саттық (аукциондарды) жүргізуді талап етпейтін ерекше жағдайларға жататынын айтты.

Заттай гранттарды әкімдіктер Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетімен келісе отырып бөледі. 

2005 жылдан бастап 2023 жылдың маусымына дейін ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитеті 1438 инвестициялық келісімшартқа қол қойды, оның 216-сы бойынша заттай гранттар түрінде жер берілген және 37 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.

Осы келісімшарттар шеңберінде 2,2 трлн теңге сомасына инвестициялар тартылды, оның ішінде қызмет көрсету саласында (қойма орындары, білім беру, денсаулық сақтау, қонақ үй қызметтері, жолаушылар тасымалы саласындағы нысандардың құрылысы) 125 келісімшарт жасалды.

Премьер-Министр отырысты қорытындылай отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту мен бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Үкімет те осы бағыттар бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

Осыған орай, Әлихан Смайылов жауапты мемлекеттік органдарға заттай гранттар түрінде жер телімдерін берудегі құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру мақсатында нормативтік құқықтық актілерді өзектендіруді тапсырды.