Ақмола облысында 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1294 объектіні бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта 2021-2023 жылдар аралығында бейімделуге жоспарланған 776 объектінің 667-інде жергілікті атқарушы органдар бейімдеу шараларын жүргізді.

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Ақмола облысы бойынша аумақтық департаменті жүргізген бақылаудан кейінгі тексерулер барысында аталған 475 нысанның 308-інің толық бейімделгені расталды, 192 объект ішінара бейімделген деп танылды.

Жергілікті атқарушы органдарға бейімдеу іс-шараларын аяқтау мақсатында анықталған ескертулерді жою бойынша ұсыныстар берілді. 2023 жылдың соңына дейін тағы 109 объектіні бейімдеу жоспарлануда.

Сонымен қатар, мемлекеттік бақылау аясында Департаментпен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына 32 тексеру жүргізілді, оның ішінде 25 профилактикалық бақылау, өтініш негізінде және тапсырмалардың орындалуын бақылау мақсатында жоспардан тыс 7 тексеру жүргізілді.

Тексерулердің қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 25 ұйғарым берілді, 2,4 млн теңгеден астам сомаға 2 әкімшілік айыппұл салынды.

Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.

Елімізде 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының Жол картасы және және 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылуда.

Жоба аясында ел аумағында бейімделуі тиіс 22 мың басым объект анықталды. 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын осындай талапқа 4400 объект сай келуі қажет. Ал биылғы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 9 128 объект бейімделді.