Ақтау теңіз портында орналасқан тағы бір азық-түлік тауарлары қоймасы 7 жыл бойы табысты жұмыс істеп келеді.  Жоба Әзірбайжан инвесторларының қатысуымен ашылды, ол заманауи тоңазытқыш қондырғыларымен жабдықталған.

Ербол Тасжүреков Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау бойынша қажетті инфрақұрылым құру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі жоспар өзектендіріліп, 2025 жылға қарай қуаттылығы 528,8 мың тоннаға дейін ұлғайту қарастырылған. Ол сондай-ақ қазіргі уақытта инвестициялық субсидиялау ережесіне шығындарды өтеу нормативін қолданылатын сақтау технологиясына байланысты 25%-дан 40-50%-ға дейін ұлғайту бөлігінде өзгерістер енгізіліп жатқанын атап өтті.

Тағы бір нысан – облыстың Мұнайлы ауданындағы құрама жем зауыты.  Кәсіпорын жыл сайын 15 мың тоннаға дейін өнім шығарады. Жалпы өңірді жемшөппен қамтамасыз ету туралы айта келе, Ербол Тасжүреков алдағы қыстауға жем дайындау процесін жандандыру қажеттігін атап өтті. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында 11 мың тоннаға жуық жем дайындалды, бұл жоспарланған көлемнің 13,4%-ын ғана құрайды.

Сондай-ақ вице-министр облыстың Түпқараған ауданында салынып жатқан  түйе сүтінің фермасына барды.  Жергілікті кәсіпкер өндірісті 2024 жылы іске қосып, жыл сайын отандық нарыққа 2,8 мың тонна шұбат өткізуді жоспарлап отыр.

Маңғыстау облысында былтыр АӨК-те жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеге 3 инвестициялық жоба іске қосылды. Биыл 1,9 млрд теңгеге тағы 7 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесуде Ербол Тасжүреков Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес,  игерілмеген ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.  2022 жылдың басынан бастап 7,4 млн га жер мемлекеттік меншікке қайтарылды, оның ішінде Маңғыстау бойынша 491,6 мың га. Вице-министр әкімдіктер бұл жерлерді бірінші кезекте ауылдық елді мекендерде мал жаю қажеттілігін қанағаттандыру үшін қайта бөлетінін атап өтті. 

Сонымен қатар Ербол Тасжүреков субсидиялау қағидаларындағы өзгерістер туралы, сондай-ақ ауыл тұрғындары үшін жеңілдікті шағын несиелер беруді көздейтін "Ауыл аманаты" жобасы туралы айтып берді.

Соңында вице-министр алдағы егін жинау науқанын уақтылы және сапалы өткізу, сондай-ақ қажетті жемшөп қорын қалыптастыру қажеттігін еске салды.