Өңір басшысы Ералы Тоғжанов жаңа арнайы техниканың кілттерін Орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлеріне тапсырды. Шараға сала ардагерлері, орман шаруашылығы қызметкерлері қатысты.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызуды тапсырды. Ақтөбе облысының мемлекеттік орман қорында 60,2 млн ағаш отырғызу көзделген. Былтыр 11 млн көшет отырғызылды. Ал биыл шамамен 15 млн-ға жуық көшет отырғызу жоспарланған.

«Біздің алдымызға облыстың жасыл қорын көбейту ғана емес, сақтау міндеті де қойылды. Жасыл желектерді отырғызу, күтіп-баптау және өртке қарсы іс-шаралар жөніндегі мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында биыл облыстық бюджет қаражатынан 904 млн теңге бөлінді», – деді облыс әкімі.

Бұл қаражатқа 24 трактор, автобус, шағын автобус, 25 ағаш отырғызу машинасы, сондай-ақ соқалар, қопсытқыштар және басқа да қосалқы агрегаттар сатып алынды. Техникалық база 56%-ға жаңарды.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының деректеріне сәйкес, өңірдің мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 217 848 гектарды құрайды. Оның ішінде 51 770 гектар жер орманмен қамтылған, бұл орман қорының жалпы көлемінің 23,8%-ын құрайды.