Ақтөбе облысында 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1294 нысанды бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта 2021-2023 жылдар аралығында бейімделуге жоспарланған 776 нысанның 556-сында жергілікті атқарушы органдар бейімдеу шараларын жүргізді.
Еңбекмині Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша аумақтық департаменті жүргізген бақылаудан кейінгі тексерулер барысында аталға 556 нысанның 126-сының толық бейімделгені расталды.
430 нысан ішінара бейімделген деп танылды, олар бойынша 697 бұзушылық анықталды. 2023 жылдың соңына дейін тағы 220 нысанды бейімдеу жоспарлануда.
Мемлекеттік бақылау аясында Департамент әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына 16 тексеру жүргізді. Тексерулердің қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 14 ұйғарым беріліп, 207 мың теңгеге 1 әкімшілік айыппұл салынды.
Нысандардың меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, жою туралы нұсқамалар ғана беріледі. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.
Елімізде 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының Жол картасы және және 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылуда.
Жоба аясында ел аумағында бейімделуі тиіс 22 мың басым нысан анықталды. 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын осындай талапқа 4400 нысан сай келуі қажет. Ал биылғы жылдың 1 тамыздағы жағдай бойынша 10 277 нысан бейімделді.