Бұл құжат қажетті инфрақұрылымды жобалау мен орнатуды, электромобильдерді қуаттауға арналған отандық жабдықтарды өндіруді, сондай-ақ электр жетектегі көліктердің қуаттау станцияларына деген қажеттілігі мен оларды орналастыратын жерді айқындау бөлігінде нормативтік және техникалық талаптарды енгізуді көздейді.
Сондай-ақ электромобильдер мен тиісті инфрақұрылымды пайдалануды дамыту бойынша түрлі ынталандыру шаралары мен тетіктерін енгізу қарастырылған.
Бүгінде елімізде JAC iEv7S және KIA Ev6 электромобильдерін шығару ісі жолға қойылған. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша «СарыарқаАвтоПром» компаниясы 2016 жылдан бастап 140 электромобиль шығарды.
«Жасыл Даму» АҚ бастамасымен еліміздің ірі қалалары мен Алматы – Астана бағытындағы күре жолда электр жағармай құю станцияларының инфрақұрылымын дамытуға арналған жоба іске асырылды.
Қазіргі кезде Астанада электромобильдерді қуаттайтын 51 станция, Алматыда 52, Павлодар мен Ақтау қалаларында және Астана – Щучинск бағытындағы автожолда бір-бір станциядан қойылған.
Бұдан бөлек, елімізде жеке тұлғалар мен бизнес субъектілері орнатқан бірқатар жағармай құю станциясы жұмыс істеп тұр. Қазақстанда жылдам қуаттайтын станциялар да бар. Мәселен, елордада 6 Tesla Supercharger қуаттау жүйесі көлік жүргізушілеріне қолжетімді.