ҚР ІІМ басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанға әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруда. Осы тапсырманы орындау мақсатында 2022 жылы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді бастапқы тіркеу үшін 200 мың теңге алым мөлшерін айқындау және кәдеге жарату алымынан босату бөлігінде қажетті заңнамалық өзгерістер, атап айтқанда, Салық кодексіне және Экологиялық кодекске өзгерістер енгізілген. Үкімет тің 2023 жылғы 11 қаңтардағы №13 қаулысымен Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген автокөлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркеген үшін алым мөлшерлемесін қолданудың және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды, өндірушілерді кеңейтілген міндеттемелерінен, сондай-ақ көлік құралдарының санаттарынан босатудың қағидалары, шарттары мен мерзімдері бекітілген.
«Бекітілген қағидаларға сәйкес заңдастыруға өтінімдерді қабылдау 2023 жылдың 23 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жүзеге асырылды. Бұл ретте өтінімді уақытылы берген және белгіленген мерзімде автомобильді заңдастырып үлгермеген Қазақстан азаматтарына оларды заңдастыру құқығы осы жылдың 1 шілдесінен кейін де берілді», – деді Қ. Сұлтанбаев.
Бүгінгі таңда барлығы 220 мыңнан астам автокөлік заңдастырылған. Заңдастыру кезінде Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген талаптар нақты басшылыққа алынған.
«Яғни, заңдастыруға жататын автокөліктер, олар – 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген автокөліктер; қылмыстық іздеуде болмаған автокөліктер және кедендік рәсімдеуден өткен автокөліктер», – деп нақтылады ІІМ өкілі.
Сонымен қатар ол автокөліктерді заңдастыру барысында туындаған проблемалардың шешілгенін айтты. Мәселен, қосалқы бөлшектер түрінде әкелінген, елден тыс жерлерде иеліктен шығару және әкету құқығынсыз автомобильдерді қазақстандық есепке қоюға рұқсат етілді.
«17 мыңға жуық автоконструктор тіркеуге алынды. Ал ЕАЭО елдерінде есептен шығарылмаған автомобильдер үшін оларға қойылған шектеулерге байланысты оларды кері әкету немесе заңдастыру шарттарында бастапқы тіркеуден өту жөніндегі міндеттемемен, олар басқа елде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылған жағдайда 5 жыл мерзімге уақытша есепке қою жолымен заңдастыру үшін кейінге қалдыру берілді», – деді комитет төрағасы.
Бұл орайда елімізде 14 мыңнан астам автокөлік уақытша тіркеуге алынған.