Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің ақпараттық-цифрлық платформасы pkrezerv.gov.kz мекен жайы бойынша қолжетімді. Қазіргі уақытта бұл портал жұмыс істеп тұр және үміткерлерге тіркеу модулі 1 қыркүйектен бастап ашылады. Порталда жоба, оның талаптары, құжаттарды тіркеу және қабылдау мүмкіндігі, үміткердің жеке кабинеті, іріктеу кезеңдерінен өту бойынша барлық қажетті ақпарат көрсетілген. Тіркелу кезінде үміткер осы порталда сенімді дербес деректері мен жеке сәйкестендіру нөмірін қамтумен толық аты-жөнін, туған жылы т.б. ақпараттарды енгізіп, жеке кабинетін толтыруы тиіс.
Іріктеу кезінде үміткерлер осы порталдағы жеке кабинетіне мынадай деректерді: білімі, қай оқу орнын бітіргені, мамандығы, ұйымының атауы, атқаратын лауазымы және мемлекеттік тілді меңгергені туралы сертификат бойынша мәліметтерді енгізуі керек. Үміткер өзінің жеке деректерін растайтын электронды құжаттарын порталға жүктеу кезінде барлық құжаттардың сапасының жақсы болуын қамтамасыз етуге тиіс, өйткені бұл ақпаратты тексеру кезінде мәтіндер, сандар жақсы көрінуі керек.
«Сондай-ақ үміткерлер енгізілген деректердің дұрыстығына жауапты екенін ескерген жөн. Әр кезеңге көшкені, тестілеу болатыны жайлы барлық ақпаратты проактивті түрде үміткер өзінің жеке кабинетінде алып тұрады», – деді Ұ. Бекіш.
Барлық кезеңдер онлайн-платформада аудио, бейнежазбамен бірге жүргізіледі.
«Тестілеу процедурасы үміткер таңдаған тілдердің бірінде - қазақ немесе орыс тілінде жүргізіледі. Тестілеуге қатысу үшін үміткер өзінің техникалық жабдықтарын пайдаланып, ноутбук болсын, компьютер болсын, тұрақты интернет жылдамдығын нақтылап, жұмыс істеп тұрған веб-камерасын, микрофонын тексеруі керек. Тестілеуден өткен кезде ол электр қуатының тұрақтылығына және бөгде дыбыстардың, шулардың болмауына жауапты болады», – деді Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығының басшысы.
Бөлінген уақыт өткеннен кейін тестілеу автоматты түрде тоқтатылып, тест нәтижелері компьютердің мониторында көрсетіледі. Үміткерге іріктеудің осы кезеңінен қайта өтуге жол берілмейді, деп түйіндеді спикер.