Тоғызқұмалақ – қазақ ұлтының әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің жарқын үлгісінің бірі. Осыны ескере келе, 2020 жылы ЮНЕСКО шешімімен тоғызқұмалақ адамзаттың мәдени мұрасы тізіміне енгізілді. Тоғызқұмалақ бір жағынан, зияткерлік ойын болса, екінші жағынан жас ұрпақты тәрбиелеудің жақсы құралы. Себебі, тоғызқұмалақпен айналысу адамның зердесін, жүйелі ойлауын, есепке қабілетін дамытады.
Тоғызқұмалақ Қазақстанда спорт ойыны ретінде тіркелген. Қазақтың ұлы тұлғалары, қайраткерлері, ойшылдары тоғызқұмалақ ойнағаны мәлім. Мысалы, Абай өзі ойнап қана қоймай, тоғызқұмалақ жарыстарына өзі демеушілік көрсетіп, ұйымдастырып отырған, Абайдың шәкірттері тұтас тоғызқұмалақ мектебін қалыптастырған.
«Тәуелсіздіктің арқасында тоғызқұмалақтың дамуына жаңа серпін берілді. Әсіресе, соңғы 20 жылда біз тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде тоғызқұмалақты дамытуға атсалысып жүрміз. 2006 жылдан бастап тоғызқұмалақ Дүниежүзілік зияткерлік ойындар олимпиадасының бағдарламасына кірді. 2008 жылы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы құрылды. Содан бері 6 Әлем чемпионаты, 6 Азия чемпионаты, 4 Еуропа чемпионаты өткізілді. Қазір жыл сайын жер шарында мыңдаған жарыс өтуде», – деді Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті.
Қазір Мәдениет және спорт министрлігінің және Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен тоғызқұмалақты мектеп бағдарламасына енгізу ісіне бастамашылық жасалуда. Оған дейін барлық ЖОО-ларда жаттықтырушыларды дайындайтын бағдарламаға тоғызқұмалақ енгізілді. Ал отандық ІТ саласының мамандары тоғызқұмалақтың Android, iOS жүйесіне арналған қосымшаларды әзірледі.
«Әлемде зияткерлік ойындар көп ойналатын екі үлкен веб сайт бар. Біреуі канадалықтар жасаған сайт, екіншісі польшалықтар жасаған сайт. Осы екі сайтта да тоғызқұмалақ кіргеннен бері ең көп ойналатын жүйелі ойындардың қатарына кірді», – деді спикер.
Тоғызқұмалақты насихаттауды жалғастыру аясында былтыр Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы Ақтөбеде өткен біріншіліктен соң 9-шы айдың 9-шы күнін Тоғызқұмалақ күні деп атау жөнінде бастама көтеріп, үндеу қабылдады.
«Осыны ескере келе, алда 9-қыркүйекте Алматыда үлкен шара өтпек. Одан соң Әлем чемпионаты өтеді», – деді Ә. Бәйменов.