Соның нәтижесі ретінде бүгінгі таңда барлық облыстарда, Алматы, Астана қалаларының дене шынықтыру және спорт мектептерінде тоғызқұмалақ бөлімдері, сонымен қоса, ұлттық спорт түрлері бойынша 10 жеке клуб жұмыс істейді.
«Барлық деңгейде, облыстық, қалалық, республикалық деңгейлерде Қазақстан чемпионаттары мен турнирлары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. ҚР чемпионаттарының нәтижесінде бүгінгі таңда бізде жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы ұлттық құрама командалары жасақталған. Ұлттық құрамаға 136 адам мүше», – деді С. Құранбек ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Сонымен қатар вице-министр тоғызқұмалақ ойынына биылдан бастап Спорт қоры деңгейінде де министрлік тарапынан қолдау көрсетіле бастағанын айтты. Қазақстанда тоғызқұмалақ 6800 үйірмесі бар. Ол министрліктің осы бағыттағы жан-жақты қолдауды жалғастыра беретінін нақтылап, соның айғағы ретінде тоғызқұмалақтың келесі жылы Президент Қ. Тоқаевтың бастамасымен болатын Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының бағдарламасына енгізілгенін жеткізді.
«Осы көшпенділер ойынына келетін елдердің спортшылары тоғызқұмалақ ойынына қатысады», – деп түйіндеді вице-министр.