ҚР Cауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Комитет төрағасы Дэвид Макаллистер бастаған Еуропалық Парламенттің Сыртқы істер комитетінің (AFET) депутаттарымен кездесті, деп хабарлайды ҚР Сауда және интеграция министрлігі.

Тараптар сауда-экономикалық өзара қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен мүмкіндіктерін, қазақстандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін, сауданың перспективалы секторларын, сондай-ақ Орталық Азия мен ЕО елдері арасындағы өңірлік ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу соңында тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылауға дайын екенін білдірді.

ЕО Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып табылады және елдің жалпы саудасының 30% құрайды. Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы тауар айналымы 2023 жылғы қаңтар-маусымда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,3%-ға артып, 20,2 млрд АҚШ долларын құрады.