Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасына 100 млрд теңге қаржы бөлінген. Журналистің сұрағына жауап бере отырып, департамент директоры бағдарлама аясында облыстар бөлінісіне бойынша, мысалы, Ақмола облысына 1,2 млрд теңге бөлінгенін айтты. Бүгінгі күні Ақмола облысы бойынша 120 несие мақұлданып, 620 млн теңге сомасына несиелер берілген.
«Жалпы, республика бойынша бүгінгі күні 4600-ден астам өтінім мақұлданып, 25 млрд теңге сомасында несие берілген», – деп нақтылады АШМ өкілі.
Бұл бағдарлама биыл республика көлемінде алғаш рет іске асырылып отыр. Бұл тұрғыда, мәселен, несие алуға өтініш білдірген азаматтардың құжаттарының дұрыс болмауы тәрізді мәселе бар екенін жеткізді спикер.
«Несие негізінен ауылдық елді мекендерде беріліп жатыр. Сондықтан кепілге қоятын мүліктері - ауылдағы үйлер, жерлер. Көп жағдайларда осындай ауылдағы үйлердің құжаттары дұрыс болмайды. Сол себепті несиелерді мақұлдау мерзімдері де ұзартылып жатыр. Несиелердің аз берілуінің бір себебі осы», – деді Т. Мұхамеджанов.
Спикердің айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасына бөлінген 100 млрд теңге биыл шамамен 17 мың ғана шағын несие беруге есептелген. Ал 2029 жылға дейін бұл бағдарламаға 1 трлн теңгеге дейін қаржы бөлу жоспарланып отыр.
«Келесі жылға біз тағы 100 млрд теңге бөлуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта республикалық бюджеттің жобасы әзірленді, сол жоба аясында 100 млрд теңге қарастырылып отыр», - деді микрокредит беру департаментінің директоры.
Сонымен қатар ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алатын азаматтарға қойылатын талаптарды нақтылады.
«Ең басты талап – ауылдық елді мекеннің тұрғыны болуы керек және іске асыратын бизнес жобасы сол ауылдық жерде іске асырылуы тиіс. Бұл бағдарламаға жұмыссыздар да қатыса алады, сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтыған немесе жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын адамдар және өз ісін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлер қатыса алады», - деп түйіндеді Т. Мұхамеджанов.