Ғылым комитетінің басшылығы, отандық ғалымдар, қоғам өкілдері ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында алға қойған міндеттерді ескере отырып, дайындалған «Ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» тақырыбындағы жаңа академиялық басылымның ғылыми нәтижелерін қарады.

Кездесу барысында жеті томның ғылыми жетекшілерінің баяндамалары тыңдалды, ғылыми айналымға еліміздің тарихы бойынша жаңа тарихнамалық дереккөздерді, мұрағаттардың жаңа материалдарын енгізу мәселелері талқыланды, бұл біздің көпғасырлық тарихымыздың өзекті сұрақтарына жаңа көзқарас болып табылады.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті бағдарламаны әзірлеушілерге бірқатар тапсырмалар мен ұсыныстар берді.

Ведомство өкілдері Президент алға қойған міндеттерге баса назар аударды.

«Еңбекте осыған дейін жіберілген тұжырымдамалық қателіктер мен кемшіліктер қайталанбауы қажет. Оған соңғы кезде ашылған тарихи жаңалықтар түгел енгізілуі керек. Қарама-қайшы мәліметтер болмауға тиіс. Қазақстан аумағында өткен тарихи оқиғалардың әлемдік үдерістермен тығыз байланыста сипатталуы маңызды. Бір сөзбен айтсақ, жеті томдық еңбекте еліміздің шынайы шежіресі толығымен жазылуы қажет. Көптомдықтың тілі – жеңіл, мәтіні – кез келген жастағы оқырманға түсінікті болуы керек. Бұл – аса маңызды мәселе», - деді Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында.

Аталған шаралардың барлығы қазақстандық тарих ғылымын кешенді дамытуға, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.