Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Сирила Рамафосаға шақырту үшін алғыс айтты. Сондай-ақ бүгінгі саммит БРИКС-тің рөлін елеулі түрде күшейтіп, жаһандағы көптеген өзекті мәселені шешуге ықпал ететінін атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл маңызды шара халықаралық аренадағы жағдай шиеленіскен кезеңде өтіп жатыр. Оның сипаттары саяси қысым жасаудан, конфронтациядан және жаппай санкция салудан көрінеді. Бұл ретте Президент өңіраралық ынтымақтастықтың перспективасы жөнінде өз көзқарасын білдірді.
– Бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының уақыт өткен сайын артып келе жатқан беделі кең көлемде мойындалып отыр. Ұйым адами ресурстары, табиғи байлығы және технологиялық әлеуеті орасан зор, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан елдерді біріктіреді. Қазақстан, Ұйымның негізін қалаушылардың бірі ретінде, өзінің төрағалық ету кезеңінде ШЫҰ-ны алдымыздағы сын-қатерлерге төтеп беретін анағұрлым тиімді алаңға айналдыруды көздеп отыр. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы көпжақты қарым-қатынасты және өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықты дамытуда мол тәжірибе жинады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
БРИКС пен ШЫҰ-ға ортақ мүдделер мен басымдықтарды ескере отырып, Президент мынадай негізгі бағыттар бойынша күш біріктіруді ұсынды.
– Біз бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің БҰҰ Жарғысына негізделген лайықты формуласын іздеуіміз керек. Осы мақсатта мен биылғы ШЫҰ саммитінде «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастама көтердім. Бұл бастама жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау ісін ілгерілетуге, сондай-ақ анағұрлым рационалды әлемдік саяси және экономикалық тәртіпті қалыптастыруға бағытталған, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, БРИКС және БРИКС Плюс құрамындағы серіктестер осы бастаманы жүзеге асыру ісінде бірлесе әрекет ете алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ, БРИКС және «БРИКС Плюс» құрамындағы елдердің өте маңызды саналатын цифрлық орта, электрондық коммерция, киберқауіпсіздік салаларындағы әлеуеттерін біріктіріп, ақпарат алмасу ісін кеңейтуді ұсынды.
Сондай-ақ Президент барша серіктестерді «Солтүстік-Шығыс» және «Шығыс-Батыс» көлік дәліздеріне қатысты экономикалық, сауда, көлік және инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды.
– Аса маңызды «Бір белдеу – бір жол» бастамасын толықтыратын Транскаспий халықаралық көлік дәлізі сауда саласындағы ынтымақтастыққа кең мүмкіндік ашады. Мұндай ықпалдастық өңіраралық сауда-саттықтың дамуына және біздің аймақтардың көлік-транзит әлеуетін толық танытуға септігін тигізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы әлемдегі климаттың өзгеру проблемасына тоқталды.
– Климаттың өзгеруі жаһандық ауқымдағы теріс салдарға әкеліп соғатыны баршамызға мәлім. Соңғы бірнеше жылда Жаһандық Оңтүстік және Орталық Азия елдерінде өте қатты қуаншылық белең алып, басқа да табиғат апаттар жиілеп кетті. Осыған орай Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымында 2024 жылды «Экология жылы» деп жариялауды ұсынып, осы өзекті проблеманы шешу жолындағы ортақ күш-жігерді ұйымдастыруға дайын екенін білдірді. ШЫҰ-ның Экология жылын өткізу жөніндегі іс-қимыл жоспары – уақтылы көтерілген бастама. Бұл бастама БРИКС-ке мүше мемлекеттер тарапынан да қолдау табады деп үміттенемін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сондай-ақ жаһандық күн тәртібінде айрықша маңызға ие бола бастаған азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін көтерді.
Президент бүгінде әлемдегі азық-түлік өндіруші төрт ірі елдің үшеуі – БРИКС мүшелері екеніне, ал БРИКС елдерінің ауыл шаруашылығы саласындағы ЖІӨ-нің жиынтық мөлшері әлемдік көрсеткіштің жартысынан асатынына назар аударды. Осыған байланысты елдеріміз арасындағы азық-түлік теңгерімсіздігін азайту үшін тиісті шаралар қабылдау қажет екенін айтты.
– Біз әлемдегі азық-түлік пен тыңайтқыш жеткізу ісіне саясатты араластырмай, оларды кез келген санкциялар мен шектеулер ықпалынан босатуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның БРИКС елдерімен және Африка одағымен көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылатынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан қатысушы мемлекет ретінде БРИКС әлеуетін арттыруға үлес қосқысы келеді.
– Мен жаһандық қауіпсіздікті, орнықты дамуды және инклюзивтілікті қамтамасыз етуге бағытталған ұжымдық күш-жігерді арттыру қажет екеніне сенімдімін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістанның Премьер-министрі Нарендра Модиді Айдың Оңтүстік полюсіне таяу жерге үндістандық ғарыш аппаратының сәтті қонуымен шын жүректен құттықтады.
Сонымен қатар жиында Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Сирил Рамафоса, Бразилия Президенті Лулу да Силва, Ресей Президенті Владимир Путин, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш, Индонезия Президенті – Оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының (АСЕАН) төрағасы Джоко Видодо және тағы басқалары сөз сөйледі.