Халықты жұмыспен қамтуды тиісті деңгейде жүргізу мақсатында қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес биылғы жылғы ақпан айында 2023 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту карталары барлық өңірлерде бекітілген. Өңірлік жұмыспен қамту карталарының аясында биылғы жылға 947 мыңнан астам азаматты жұмыс орнымен қамтамасыз ету көзделіп отыр. 

Бүгінгі күннің қорытындысына сәйкес 605 мыңнан астам азамат жұмысқа орналастырылған. Бұл жылдық көрсеткіштің 64%-ын құрайды. Олардың ішінде 443 мыңға тарта жұмыс орны – тұрақты, ал 162 800-ден астамы уақытша, мемлекеттен субсидияланатын жұмыс орындары. Бұдан басқа, еңбек министрлігі жүзеге асырып жатқан жобалардың бірі – кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін жастарға жылдығы 2,5% мөлшерлемемен берілетін шағын несиелер. 

«2023 жылға бұл мақсаттарға 5796 азаматтың әрбіріне 5 млн теңгеден беру үшін, яғни жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін республикалық бюджеттен 29 млрд теңгеге тарта қаражат көзделген. Бүгінгі күні Аграрлық несие корпорациясының аумақтық филиалдары бұл қаражаттың 24,5 млрд теңге көлеміне 5341 азаматтан өтінім қабылдады. Оның ішінде өңірлік комиссиялар 16,7 млрд теңге көлемінде 3720 азаматтың өтінімін мақұлдап, кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсетіліп, тиісті қаражат осы азаматтардың есепшоттарына аударылды», – деді А. Ниязов. 

Жұмыспен қамтудағы белсенді шаралардың келесі бағыты – мемлекеттік грант беру мәселесі. Биыл гранттар берудің екі легі өткізілді. Оның қорытындысына сәйкес 5316 азаматқа қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. Бұл грант алушылардың 40%-ы жастар екенін айта кеткен жөн, дейді спикер. 

Сонымен қатар ол республика бойынша грант алушылардың басым көпшілігі көп балалы отбасылардың қатарынан екенін айтты. Яғни, 5316 азамат алған гранттың 2890 гранты көп балалы отбасылар санатындағы азаматтарға берілген. 

Мүгедек азаматтар қатарынан 1038 адам осы грантты иеленген. Мүгедек баланы қараушылар қатарынан 631 адам, АӘК алушылар қатарынан 365 адам грантқа қол жеткізген. 

Грант алушылардың мақсаттары бойынша биыл технологиялық құрал-саймандарға 2062 адам, ірі қара мал және ұсақ мал алу мақсатында 1568 адам, ал құрал-саймандарға 1172 адам грант алған. 

«Мемлекеттік грант берудің үшінші легін біз биыл 11 қыркүйекте бастауды деп жоспарлап отырмыз», – деп нақтылады жұмыспен қамту департаментінің директоры.