ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова кіріспе сөзінде атап өткендей, осы жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа ҚР Әлеуметтік кодексі күшіне енді. Онда халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бес новелла көрініс тапты. Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың заманауи ақпараттық жүйелері негізінде қалыптастырылады және проактивті форматта әлеуметтік қызметтер алуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, балалы отбасыларды мемлекеттік қолдау жүйесіне қатысты жаңашылдықтар бар. Әлеуметтік кодекс қолданыстағы бірыңғай жүйені толық сақтауды, сондай-ақ балалары бар отбасыларды қолдаудың жаңа параметрлерін белгілеуді көздейді.

«Бала күтімі бойынша төлем мерзімі 1 жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды, сондай-ақ көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері ұлғайды. 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек бұрынғыдай емес, жаңа тәсілдермен, тоқсан сайын, ең төменгі күнкөріс деңгейіне қарай тағайындалатын болады», – деді вице-министр.

Әлеуметтік кодекстің үшінші новелласы мүгедек азаматтар үшін, әсіресе, ауылда әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға қатысты. Енді мүгедек адамдарға қызмет көрсетуге отбасы мүшелері тартылатын болады. Арнаулы әлеуметтік қызметтердің жаңа стандарттарын әзірлеу және жан басына шаққандағы нормативтерді енгізу жоспарлануда. Сондай-ақ жеке сектор қызметтерін көрсету жүйесіне кеңінен тарту жоспарлануда.

Басқа новеллаларға келетін болсақ, вице-министрдің айтуынша, олар әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін көтеруге, еңбекақы төлеу жүйесін қайта қарауға, қайта даярлау жүйесін құруға бағытталған. Сонымен қатар жаңашылдықтар міндетті әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне қатысты болады. Сондай-ақ халықты жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдері әзірленді.