Бүгінгі күннен бастап жастарға жылдық 2,5% жеңілдікпен микрокредит беру үшін қабылданатын кепілді мүлік түрлерінің тізбесі кеңейтілді, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Сонымен, кепілмен қамтамасыз ету ретінде қосымша қабылданады:

- екінші деңгейдегі банктердегі шоттарда орналастырылған ақша қаражаты;

- республикалық маңызы бар қалаларда, облыстық маңызы бар қалаларда, аудан орталықтарында, облыстық және аудандық бағыныстағы қалаларда, сондай-ақ ауылдарда және ауылдық елді мекендерде жылжымайтын мүлік;

- жеке меншік құқығындағы/бастапқы ұзақ мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалға алу) (егістік) құқығындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері;

- жайылымдарды суландыру және қоршау инфрақұрылымы бар жер учаскелері;

- бау-бақша өсіруге арналған жер учаскелері;

- мамандандырылған техника.

 Микрокредиттер беру тәртібі, микрокредитті қамтамасыз етудің негізгі шарттары мен тәсілдері тапсырма шартында белгіленеді.

Микрокредиттің мөлшері 5 млн теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі – 5 жылға дейін (кез келген мақсатқа) немесе 7 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін). Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды.

Микрокредит 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге, 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі.

Сондай-ақ, микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі, ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.

Кепілмен қамтамасыз етудің болуы міндетті шарт болып табылады.