Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-жаттығу жиынын бақылау мұнарасынан тамашалады.

Әскери әдіс-тәсілдер көрсетер алдында Мемлекет басшысына генерал-майорлар Болат Жорабаев пен Алмаз Жұмакеев қорғаныс операциясы кезіндегі Арнаулы операциялар күштері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әрекеті жөнінде баяндады.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бригадалық-тактикалық топтары авиацияның қолдауымен, сондай-ақ Құрлық әскерлері және Арнаулы операциялар күштерінің бөлімшелерімен бірлесе отырып, судан өту арқылы қарсы жағалаудағы жау шебін басып алу үшін тактикалық іс-қимыл жүргізді.

Ал Арнаулы операциялар күштері мен Ұлттық ұлан бөлімшелері шартты жау қолына өткен Қапшағай ГЭС-ін азат етті. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері техногендік апат салдарын жоюмен айналысып, халыққа гуманитарлық көмек көрсету міндетін атқарды.

Қарулы Күштердің Бас штабы әзірлеген бірыңғай жоспар мен мақсатқа сәйкес әскерлер оқу-жаттығу жиыны өтетін аудандарға стратегиялық тұрғыда қайта топтастырылды.

Атап айтқанда, Әскери-теңіз күштері авиацияның және Арнаулы операциялар күштерінің қолдауымен Каспий теңізі акваториясындағы экономикалық қызмет нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарындағы полигондарда да   осындай оқу-жауынгерлік міндеттер орындалды.

Жауынгерлік әдіс-тәсілдер көрсетілімі аяқталғаннан кейін Жоғарғы Бас қолбасшы әскери қызметшілер алдында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы оқу-жаттығу жиынына жұмылдырылған бөлімшелердің дайындық деңгейіне оң баға берді.

Сонымен қатар Президент бұл оқу-жаттығу жиындары күрделі геосаяси кезеңде өткізіліп отырғанына назар аударды.

– Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Қазіргі ұрыстардың әдіс-тәсілдері де басқа, әсіресе, гибридтік соғыс түрлері кең таралуда. Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, психологиялық, саяси, экономикалық және басқа да сипат алуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. Бұл – заманауи әрі кәсіби әскерге қойылатын басты талап. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақстан. Елімізді, жерімізді, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды қорғау – баршамызға ортақ қасиетті парыз! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, біздің әскеріміз кәсіби деңгейі жоғары, ұтқыр және ең күрделі жауынгерлік тапсырмаларды орындауға дайын болуы қажет.

– Ол үшін әскерді жоғары технологиялық қару-жарақпен және сапалы әскери техникамен жарақтандыру, оқ-дәрілермен толықтай қамтамасыз ету айрықша маңызды. Жақында жариялаған Жолдауымда мен жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс циклін құруды тапсырдым. Бронды техника, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, заманауи атыс қарулары – мұның бәрін біз өзімізде шығара аламыз. Жалпы, қорғаныс-өнеркәсіп кешені әскеріміздің жауынгерлік қабілетіне сенімді тірек болуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев офицерлер мен жеке құрамның жауынгерлік машығы мен моральдық рухының жоғары болуы Қарулы Күштер тиімділігінің басты факторы екенін айтты.

– Әскери даярлыққа және командирлердің кәсібилігіне жоғары талап қойылады. Сондықтан қазіргі заманғы ұрыс жағдайында бөлімшелер негізгі күштен бөлек, дербес әрекет етуге дайын болуы қажет. Командирлер мен бастықтар батыл шешім қабылдап немесе орынды бастама көтеріп, берілген тапсырманы орындау үшін тың тәсіл қолдануы керек. Олар батылдығымен, төзімділігімен және антқа беріктігімен көпке үлгі болуы қажет. Әскердің күші – тәртіпте! Бұл ретте командирлердің атқаратын рөлі ерекше. Қарулы Күштердегі дайындықтың жоғары деңгейін, өзара үйлесімділікті және қатаң тәртіпті сақтау қажет. Әрбір сарбаз өзіне сеніп тапсырылған қару мен техниканы жетік меңгеріп, оларды ұрыста шебер қолданып, жедел шешім қабылдап, батылдық танытуы керек, – деп сөзін түйіндеді Президент.

Мемлекет басшысы Арнаулы операциялар күштерінің қолбасшылығына Жауынгерлік туды салтанатты түрде табыс етті.

«Батыл тойтарыс-2023» оқу-жаттығу жиыны барысында мемлекеттік және әскери басқару органдарының қорғаныс операциясын орындауға дайындығы тексерілді. Әскер барлық деңгейдегі штабтарда қабылданған шешімдерді толық жүзеге асырды. Оқу-жаттығу жиынына барлығы 8 мың әскери қызметші жұмылдырылып, 600 әскери техника мен қару-жарақ пайдаланылды.